Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

26 Ақпан 2021, 19:45
2352
Бөлісу:
Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда данқты ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар бастау алды. 26 ақпан, жұма күні көрнекті ақынның туған күні қарсаңында облыс орталығындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстанның Халық әртістері Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді, ақын Жүрсін Ерман және еліміздің басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы Отанға деген сүйіспеншілікке толы. Оның туындылары әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ десек, бүгінгі өскелең ұрпақтың да  бойына патриоттық сезімдерді сіңіру аса маңызды, - деп атап өтті Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Биыл біз қазақтың айтулы тұлғаларының бірі, нағыз халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Бұл датаны тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем ескеруде. Оның «Ленинградтық өренім» деген өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинградтың барлық көшелерінде үгіт-насихат парақтары ретінде ілініп, сонау қиын жылдарда бүкіл Кеңес халқына рух берген-ді. Жамбыл Жабаев қазақ ауыз әдебиетінің қайталанбас тұлғасы ретінде шетелдерде де кеңінен танымалдылығы біз үшін үлкен мәртебе, - деді Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді.

Жалпы, еліміз бойынша және Жамбыл облысында ақын мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Мәселен, бүгін Таразда «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтысы өтіп жатыр, оған еліміздің әр аймағынан 20 ақын қатысуда.

Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Сондай-ақ, «Қазақ-қырғыз» түркітілдес елдердің зиялы қауым өкілдерінің форумын, «Жамбыл және түрік жыршылық дәстүрі» халықаралық фестивалін, «Ұлы дала ақыны» ғылыми-практикалық конференциясын және басқа да шараларды өткізу көзделген.



Өзгелердің жаңалығы