Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды

20 Қазан 2022, 11:44
2420
Бөлісу:
Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды
PHOTO

Әулиеатада әдебиеттің тойы басталды. Ең алдымен  ақиқаттың алдаспаны, ұлы жазушы, қаранар қайраткер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай ескерткіші ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңселі тастұғыр Ш.Мұртаза атындағы  Халықаралық Тараз инновациялық институты алдындағы алаңқайда бой көтерген. Қаланың орталығындағы нысанның маңында әкімшілік ғимараттар, басқа да оқу орындары бар.

Ескерткішті Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасы Ақпарат  және қоғамдық даму министрі Darhan Qydyráli, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, танымал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ғарифолла Есім салтанатты жағдайда ашты.
Ақпарат  және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды

«Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды» делінген Президенттің құттықтауында.

Одан кейін сөз алған Мұхтар Шаханов, Нұрлан Оразалин, Амалбек Тшанов, Жанғара Дәдебаев және өзге де белгілі азаматтар Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қайраткерлік болмысына тоқталды. 

Таразда Шерхан Мұртазаның ескерткіші ашылды

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Шераға рухына арнап өлең оқыды. 
Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік жазушы рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Өзгелердің жаңалығы