Жамбыл облысында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны 20 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды,.
Оқиға Тараз қаласындағы Тұрысов көшесінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірі жоқ мопедті байқап, жүргізушіге тоқтау туралы белгі берген.
Алайда мопед жүргізушісі тәртіп сақшыларының заңды талабын орындамай, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Полиция қызметкерлері оны көп ұзамай ұстап алды.
Жүргізушімен сөйлесу кезінде полицейлер одан алкоголь иісін байқап, медициналық куәландыруға жіберген.
Сараптама қорытындысы азаматтың орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Тексеру барысында ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды. Ол бұған дейін жүргізуші куәлігін мүлде алмаған.
Сот шешімімен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал нөмірсіз мопед арнайы айып тұрағына жеткізілді.