Таразда полицейлер алаяқты ұстады

27 Желтоқсан 2020, 03:45
1458
Бөлісу:
Таразда полицейлер алаяқты ұстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласының полицейлері алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласының полиция басқармасына үш бірдей қала тұрғыны өздерінің ақшасын және ұялы телефонын алдап алып кеткен белгісіз ер адамға шара қолдану туралы шағыммен жүгінді. Аталған дерекке қатысты Тараз қаласының ПБ тергеу бөлімі ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тергеу барысында, алғашқы екі жағдайда белгісіз ер адамның «Колеса» сайтында автокөліктерді сату сылтауымен азаматтардың сенімін пайдаланып, 200-ден 350 мың теңгеге дейінгі сомадағы ақша қаражатын иемденгені анықталды.

Тергеу амалдары көрсеткендей, сатуға қойылған көліктер ер адамға тиесілі емес және басқа адамдардың атына тіркелген. Үшінші жағдайда ол қаладағы супермаркеттердің бірінде шұғыл қоңырау шалу сылтауымен сатып алушылардың біріне ұялы телефонын уақытша беруін өтінген, телефонды алған ер адам оны иемденбек оймен қылмыс орнынан қашып кеткен.

Алаяқтықтың барлық дерегі бойынша Тараз қаласының ПБ тергеушілері 29 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынған.


Өзгелердің жаңалығы