Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралап, жөндеу-құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс орталығының 14-шағын ауданы аумағында 150 орындық мүгедектегі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталығы салынуда. Ғимарат бес блоктан тұрады: А блогында бассейн, киім ауыстыратын бөлмелер, спорт және акт зал, В блогында – медициналық кабинеттер, С блогында – асхана, Г және Д блоктарында – екі және бір орынды палаталар.
Мұнда көкөніс қоймасы, жылыжай, слесарь шеберханасы және басқа да цехтар салынбақ. Мердігер – «Таразстрой-2004» мекемесі құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлауда.
- Ересектер үшін де, балалар үшін де барлық жағдайды жасау керек. Бұл орталықта ерекше қажеттілікті қажет ететін адамдарға мамандар сапалы қызмет көрсететін болады, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс орталығында жеке демеушілер есебінен Оқушылар сарайы бой көтеруде. 600 орындық ғимарат Тараз қаласындағы мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы ғимаратының жанынан салынуда. Жаңа нысанның жалпы ауданы 9,3 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Жұмыс істеп тұрған 92 үйірмеден басқа, кеме және авиамодельдеу, робототехника, IT - орталық, планетарий, обсерватория үйірмелері ашылатын болады.
- Біз оқушыларға тек білім бере отырып, оларды бәсекеге қабілетті, бастамашыл, шығармашыл тұлға ретінде тәрбиелеуге күш салу керекпіз. Балалар бос уақытын тиімді өткізуі қажет. Оқушылар сарайында олар түрлі шығармашылық секциялар мен үйірмелерге тегін қатыса алады, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға құрылыс барысын бақылауда ұстауды тапсырды.