Таразда карантиндік шараларды жеңілдету туралы

30 Сәуір 2020, 05:58
1597
Бөлісу:
Таразда карантиндік шараларды жеңілдету туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында рұқсат етілген қызметтер белгіленді. Бұл туралы әкімдіктің ресми сайтында хабарланды.

Өңірде азық-түлік емес тауарлары: тұрмыстық химия және шаруашылық тауарларын сату бойынша ұсақ сауда нысандарының (ауданы 100 шаршы метрге дейін) қызметіне рұқсат етіледі.

Сондай-ақ автокөлік сататын дүкендердің, авто қосалқы бөлшектер сататын дүкендердің (автомобильдік қосалқы бөлшектерді сату жөніндегі базарларды қоспағанда), көлік жуу, ТҚС, ломбардтар, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары ашылады.

Бұл нысандар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Жұмысты қайта бастау үшін міндетті шарт – барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау: санитарлық тазартқыштардың, медициналық бетперде, қолғап және т.б. болуы.

Осы орайда облыс тұрғындары тұрғылықты мекен жайы немесе жұмыс орнына жақын орналасқан аталған нысандарға бара алады.

Әлі де ірі сауда-ойын-сауық орталығының, базар, кинотеатр, монша, компьютерлік клуб, фитнес-орталықтардың, тұрмыстық техника, киім-кешек дүкендерінің және адамдар көп жиналатын басқа да орындардың қызметіне тыйым салынған.

Аталған нысандар кезең-кезеңімен ашылатын болады.

Алдағы күндері жергілікті атқарушы органдардың мобильдік топтары санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп, әрбір кәсіпкермен тиісті меморандумдар жасасады. Егер санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда, мобильдік топтар кәсіпкерлік нысанының қызметіне тыйым салуға құқылы.

Бұдан басқа, тұрғындарға сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін және сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін үш адамнан аспайтын (бір отбасы мүшелерін қоспағанда) тұрғылықты жеріне жақын маңда қысқа мерзімді серуендеуге (30 минутқа дейін) рұқсат етіледі. Бұл ретте азаматтарға басқа адамдармен арақашықтықты сақтау қажет.

Жамбылдықтарға сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін саяжайларға шығуға болады және кері қайтуға сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін рұқсат етіледі.

Такси қызметінің жұмысы сағат 06.00-ден 21.00-ге дейін ғана пайдалануға рұқсат.



Өзгелердің жаңалығы