Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда карантин ережелерін бұзған үш бар анықталды деп хабарлады Polisia.kz.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, мобильдік топтар мерекелік және еске алу іс-шараларын өткізуде шектеулерді сақтау бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысының орындалуын бақылауды жалғастыруда.
Адамдар көп жиналатын орындар мен қаланың ойын-сауық орындары карантиндік шектеулерге қатысты ерекше бақылауда, олар бетперде режимі және әлеуметтік қашықтық талаптарының сақталуы тұрғысынан үнемі тексерумен қамтылып отырады.
Кезекті рейдтік іс-шаралар барысында Тараз қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері қаланың бірнеше мекемесінде, атап айтқанда, «Viber», «Х.О», «Game over» барларында карантиндік режимді бұзу деректерін анықтады, - делінген ақпартта.
Осы барларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материал жинақталып, бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін санитарлық- эпидемиологиялық қызметке жіберілді.