Тараз, BAQ.KZ. БҰҰ 1 наурызда атап өтетін «Кемсітушілікке жол жоқ» халықаралық акциясы аясында Таразда инъекциялық есірткі пайдаланатын тұлғаларға арналған жаңа сенім орны ашылды. Бұл жөнінде ZhambylNews ақпараттық порталы хабарлады.
Жамбыл облыстық ЖИТС алдын алу және күрес жөніндегі орталықтың бастамасы бойынша аталған сенім орталығы №7 емхана базасында ашылды. Ол құпиялылық пен еріктілік қағидасы бойынша жұмыс істейді.
Аталған облыстық орталықтың бас дәрігері Айбек Исаевтың айтуынша, облыстағы ЖИТС-ке шалдыққандардың 53 проценті есірткі қолдану барысында ауруды жұқтырған. Сол себепті Тараз қаласы мен аудандарда сенім орындарын ашудың маңызы зор.
Бүгінгі күні қалада ресми мәлімет бойынша, инъекциялық есірткі пайдаланатындар саны 3 400-ді құраса, облыс бойынша 5 400-ге жетіп отыр.
Ашылған сенім орнында психолог дәрігер мен медбике қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша инъекциялық есірткі пайдаланатын тұлғаларға арналған 11 сенім орны іске қосылған.