Таразда ересектерге арналған еліміздегі алғашқы әлеуметтік оңалту орталығы ашылды

9 Қазан 2023, 08:40
903
Бөлісу:
Таразда ересектерге арналған еліміздегі алғашқы әлеуметтік оңалту орталығы ашылды
Фото: Тараз қаласы әкімдігі

Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай 150 орынды облыстық әлеуметтік оңалту орталығы пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2021 жылы құрылысы басталған нысанның мердігері – «ТаразСтрой - 2004» ЖШС. Орталықтың жалпы аумағы – 4,932 гектарды құрайды. Сондай-ақ 5 блоктан тұратын нысанда сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спорт залы, 3 қабатты емдеу корпусы ас блогы, 2 қабатты стационар бар. Сонымен қатар І және ІІ топ мүгедектігі бар адамдар физио емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлексотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, ингаляция, емдік шынықтыру, емдік уқалау, галокамера, бассейн, жарықпен емдеу, жеке және топтық сабақтар, патронаж, компьютерлік техникаға баулу, интернетті, әлеуметтік порталды, ЭЦҚ пайдалану, кесте тоқу және бисер, тігін табиғи материалдармен жұмыс жасау, халық қолданбалы өнер, фитотерапия, мүсін шеберханасы, шаштараз, маникюр, педикюр оқыту, кескіндеме, аяқ киім тігу, жөндеу, ағаш күйдіру, музыкаға баулу, театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақылар, жеңілдіктер түрлерін алуға көмек ету, заңды тұрғыда кеңестер беру, хат жазу мен жолдауға көмек беру секілді 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылады.

Әлеуметтік қызмет түрлері қызмет алушының денсаулығына байланысты 43 күннен бастап 6 айға дейінгі мерзімде жартылай стационар жағдайында көрсетіледі. Орталықта жыл сайын 1000 мүгедектігі бар адам оңалтудан өтеді деп күтілуде.

Ерекше атап өтерлігі, бұл ересектерге арналған еліміздегі алғашқы әлеуметтік оңалту орталығы. Алдағы уақытта еліміз бойынша тағы осындай 12 орталық салу жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы