Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында түзеу мекемелеріне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізу жалғасуда.
Сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бұл жолы өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/7 мекемесі тексерілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, әскери полиция, әскери прокуратура өңірдегі Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері және мекеменің жеке құрам қызметкерлерінен құралған 338 маман сотталған азаматтардан тыйым салынған заттарды тәркіледі.
Атап айтқанда, ерекше режимдегі түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілерден 37 ұялы телефон, 25 зарядтағыш құрал, 5 sim-карта және сотталғандар арасында қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін 48 кесу-тесу (пышақтар, қолдан жасалған кескіштер және т.б.) құралдары табылды.
Айта кетейік, тыйым салынған заттардың басым көпшілігі сотталғандардың туған-туыстарының «көмегімен» ішке енген. Яғни, тыйым салынған заттарды жақындарына «жақсылық» жасауды көздейтін жазасын өтеушілердің туыстары мекеменің сыртқы қоршауынан лақтыру фактілері азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері дәл осындай 80 дерек тіркеліп, заңды бұзған 51 азамат ұсталған. Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Теңізжан Жәнібеков туған-туысын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандардың тәртіптік жазаға тартылатынын, сондай-ақ, заңды бұзған азаматтардың жазасыз қалмайтынын айтады.
Біз Тараздағы ЖД-158/7 мекемесіне жоспарлы тінту жұмыстарын жүргізіп, сотталғандардан тыйым салынған заттарды тәркіледік. Бұған дейін, дәл осындай жұмыстар ЖД-158/2 және ЖД-158/4 мекемесіне жүргізілген болатын. Жалпы, тыйым салынған заттардың мекемеге ену арналарын анықтау мен жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан түзеу мекемелерінде жазасын өтеуші жақындарына «көмектеспек» ниетте заңды бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертеміз. Заң алдында барлық адам бірдей жауап береді, — деді Т.Жәнібеков.