Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков республиканың бас санитарлық дәрігерінің 14 сәуір күнгі қаулысына сай, ертеңнен бастап өңірде карантиндік шаралар күшейтілетінін айтты.
Ең алдымен, Тараз қаласы мен облыс көлемінде қоғамдық көліктердің жұмысы толық тоқтайды. Бұл мәселе өңірдегі 442 автобус 43 желімен жүрген кезде олардың санын 10 бағыттық желіге дейін азайттық. Оған бар-жоғы 53 автобусты қамтысақ та, жүру тәртібі сақталмады. Ол жүргізуші мен жүргіншілер үшін қауіпті болып отыр, - деді Бекболат Серікбекұлы.
Аймақтың басшылық өкілі екінші мәселе ретінде бүгінгі таңда халық санының күрт көбеюінен осындай шешім қабылданғанын алға тартты. Тағы бір алаңдатып отырғаны – екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" АҚ-ның жұмысы.
Қаулыға сәйкес, қаржы ұйымдары мен "Қазпошта" бөлімшелері толық жабылуы қажет еді. Алайда, жағдайға талдау жұмыстарын жүргізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, ертең мемлекеттік комиссияға қатынас хатпен шықпақпыз. Себебі бүгінде "Қазпошта" арқылы келген 850 миллион теңгені 20 мыңнан астам азамат алатын болса, оның 70 %-і ауылдық елді мекендерде тұратындықтан, осы жұма, сенбі күндері жұмыс істей береді, - деді Б.Орынбеков.
Спикердің сөзінше, үшінші мәселе – облыста жеңіл автокөлік санының көптігі, оның ішінде екі азаматтың бірінің қолында жүріп-тұруға рұқсат беретін анықтамасы бар.
Осыны ескере отырып, өңірдегі 38 блок-бекетте таңғы сағат 8.00-ден бастап ондай анықтамалардың күші жойылатындығын мәлімдеймін. Біз 14 мыңнан астам көлік пен адамның жеке мәліметтері енгізілген «Сергек» базасы мен планшеттерге, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдерімен, басқа да мемлекеттік қызметшілермен келісе отырып, толық тазалау жұмыстарын жүргіземіз, - деді Бекболат Серікбекұлы.
Жамбыл облысындағы төртінші мәселе, қазіргі кезде тұрғындардың Тараз қаласындағы жүру қозғалысы ешқандай сын көтермейді. Сондықтан жергілікті полиция қызметі, әскери қызметшілер бірлесе отырып, күндізгі уақытта нақты, қатаң шаралар қабылдайтын болады. Осындай шешімдерді аудан, қала әкімдері де өз аймақтарында қабылдауы қажет.
Ал Жамбыл облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нәдуев төтенше жағдайға қатысты қаншама шектеу, тыйым салынғанымен, жаяу жүргіншілер мен көлік ағыны толастар емес.
Бұл алдағы уақытта жағдайды ушықтырып, Тараз қаласы мен облыс тұрғындарының кеселді жаппай жұқтыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Індетпен тіркелгендер санының артуына байланысты қажетсіз жүріп-тұруларды азайту мақсатында тыйым, шектеулерді біз ертеңнен бастап қатаңдататын боламыз. Өңірдегі кәсіпорындар жұмысына, азық-түлік тасымалдау мен өткеруге қатысты да бақылау күшейтілмек. Осы ретте ескере кететін бір жайт – барлық жағдайда санитарлық сақтықты, әсіресе кезекте тұрғанда арақашықтықты сақтап, алдын алу шараларына мұқият болған абзал, – деді ол.