Тараз бен Ежелгі Олимпия бауырлас қала атанды

8 Қараша 2023, 00:37
480
Бөлісу:
Тараз бен Ежелгі Олимпия бауырлас қала атанды
Фото: BAQ.KZ

Тараз Олимпиада ойындарының отаны ежелгі Олимпиямен бауырлас қала атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ерекше қарым-қатынас туралы хаттамаға қос шаһардың басшылары қол қойды. Салтанатты шара Герейон ғибадатханасының алдында өтті. Дәл осы жерде әр 2 жыл сайын Олимпиада алауын жағу рәсімі өтеді. Игі іс Грекиядағы Қазақстан елшілігі мен Қазақ-грек әскерлік кеңесінің бастамасымен қолға алынған. Мақсат – аймақтық ынтымақтастықты дамыту. Енді Тараз бен Ежелгі Олимпия мәдениет, білім, спорт және туризм салаларында серіктестікті арттыруға ниетті. Сауда-экономикалық байланыстарды да күшейту көзделіп отыр. Тараз қаласы әкімі бастаған делегация сапар барысында грек тарапымен бірақтар жобаларды талқылады.

Бүгін – Грекия мен Қазақстан үшін ерекше маңызды күн. Тараздың 2 мың жылдан астам бай тарихы бар. Шаһар – Ежелгі Олимпия қаласы сияқты Еуропа мен Азия халықтары мен мәдениеттері түйіскен жері. Бұл – біздің қалаларымыздың ерекшелігі мен артықшылығы. Қос шаһар арасында мәдени және іскерлік байланыстар артып, туризм саласындағы ынтымақтастық күшейетініне сенімдімін, – деді Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулус.

Қазіргі таңда Тараз қаласы АҚШ-тағы Фресно, ресейлік Челябинск, Өзбекстандағы Самарқанд, Қытайдың Сиань және тағы басқа шаһарлармен бауырластық орнатқан. Ынтымақтастықты жан-жақты дамытып жатыр. Енді міне олардың қатарына Ежелгі Олимпия қаласы қосылып отыр. Бұл – тарихи оқиға. Біздің көп жоспарымыз бар. Олар қос шаһар арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған, – деді  Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Өзгелердің жаңалығы