Тұрғын үйде тарақан пайда болса, көп адам ең алдымен асүйден күмәнданады. Алайда зиянкестердің негізгі “кіру жолы” күтпеген жерден: желдету жүйесі мен инженерлік коммуникациялардан шығуы мүмкін. ҚР ПІБ Референс-зертханасының дезинфектор-нұсқаушысы Олеся Негрий BAQ.KZ тілшісіне тарақандардың ғимарат ішінде қалай қозғалып, қай жерлерді ұяға айналдыратынын және олардан сақтанудың тиімді жолдарын түсіндірді.
Тарақанның "жасырын жолы" – желдету жүйесі
Желдету жүйелері тарақандар үшін ғимарат ішінде қауіпсіз әрі қолайлы қозғалу кеңістігін қалыптастырады. Бұл тұрғын үй, коммерциялық немесе өндірістік нысан болуына қарамастан, бірдей өзекті.
Олеся Негрийдің айтуынша, желдету шахталары жәндіктер үшін тармақталған "магистральдар" іспетті.
Желдету шахталары жәндіктер үшін тармақталған "магистральдар" іспетті: олар арқылы зиянкестер иіс пен табиғи инстинкт жетелеген кез келген орынға жылдам жетеді, – дейді ҚР ПІБ Референс-зертханасының дезинфектор-нұсқаушысы Олеся Негрий.
Маман ас үй мен жуынатын бөлмеден шығатын желдету арналары тарақандар үшін тек қозғалыс жолы ғана емес, жоғары ылғалдылықтың әсерінен ұя салуға да қолайлы ортаға айналатынын атап өтті.
Оның сөзінше, ауа өткізгіштер мен сорғыштарды тұрақты түрде профилактикалық тазалау зиянкестердің пайда болу қаупін төмендетеді.
Көрші пәтерге де "көшеді"
Олеся Негрий тарақандар тұрғын үйлерге көбіне инженерлік-коммуникациялық арналар арқылы енетінін айтады. Бұған желдету шахталары, қабырғадағы жарықтар, кәріз құбырлары немесе тығыз жабылмайтын есіктер кіреді.
Маманның пікірінше, егер көршілес пәтерлерде санитарлық жағдай нашар болса, тарақандардың азық пен су іздеп басқа пәтерлерге көшу ықтималдығы артады.
Көпқабатты үйлерде тарақандардың бір пәтерден екіншісіне оңай көшетінін ескерсек, тіпті тазалық сақталған баспаналардың өзі толықтай қорғалған деп айту әрдайым мүмкін емес, – дейді дезинфектор-нұсқаушы.
Тарақандар азық-түлікпен де, техникамен де келуі мүмкін
Тарақандар үйге тек инженерлік желілер арқылы ғана емес, сырттан затпен бірге де келуі ықтимал. Маманның айтуынша, олар азық-түлік салынған пакеттермен, тұрмыстық техникамен немесе жиһазбен бірге де кіріп кетуі мүмкін. Бұл әсіресе заттар бұрын зақымданған немесе қараусыз қалған орындарда сақталған жағдайда жиі кездеседі.
Сонымен қатар жатақханаларда, коммуналдық пәтерлерде немесе күтімі төмен үйлерде ортақ дәліздер мен ас үйлер тарақандардың негізгі таралу ошағына айналады. Мұндай жағдайда зиянкестер ғимаратқа тез жайылады.
Қоқыс алаңы мен жертөле жақын болса, қауіп күшейеді
Олеся Негрий тұрғын үй күтімі нашар қоқыс алаңдарына немесе жертөлеге жақын орналасса, тарақандардың ас үйге оңай жол табатынын ескертті.
Сондай-ақ ескі үйлердегі жарықтар мен оқшаулауы әлсіз инженерлік желілер жәндіктердің көбеюіне әрі пәтерлер арасында еркін қозғалуына қолайлы жағдай жасайды. Ал жиналған кір, шаң-тозаң және сирек шығарылатын қоқыс тарақандар үшін тіпті “дайын орта” қалыптастырады.
Аэрозольдің зияны
Көп адам тарақан көрсе, бірден аэрозольге жүгінеді. Алайда маман оның денсаулыққа ықтимал қаупін де атап өтті.
Олеся Негрий аэрозольдер құрамындағы инсектицидтер тыныс алу жолдары арқылы ағзаға түссе, бас ауруын, жүрек айнуын, бас айналуды тудыруы мүмкін екенін жеткізді. Сонымен қатар ұсақ бөлшектер өкпеге еніп, жөтелге, астманың асқынуына, шырышты қабықтардың тітіркенуіне себеп болуы ықтимал.
Маман улы заттар ыдыс-аяқ, ойыншықтар, тұрмыстық және жеке гигиена заттарының бетіне шөгіп қалатынын да ескертті.
"Уға төзімділік қалыптасады"
Дезинфектор-нұсқаушы аэрозольді жиі әрі талапқа сай қолданбау салдарынан тарақандарда уға төзімділік қалыптасуы мүмкін екенін айтады. Бұл өз кезегінде жағдайды одан әрі күрделендіреді.
Сондықтан Олеся Негрий тарақандармен күресте қауіпсіздеу баламаларға басымдық берген жөн екенін жеткізді. Оның ішінде гельдер, желім тұзақтары, жәндіктерге қарсы борлар атап өтілді.
Халықтық тәсілдер көмектесе ме?
Тарақан көбейіп кеткен жағдайда халықтық әдістердің тиімділігі төмен болуы ықтимал. Олеся Негрий кейбір тәсілдер жәндіктерді уақытша үркіткенімен, бұл әрдайым нәтиже бермейтінін айтты. Оның үстіне мұндай амалдардың адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қаупі болуы мүмкін.
Маман эфир майлары, түрлі шөптер, сірке суы ерітіндісі, скипидар балалар мен үй жануарлары үшін қауіпті екенін ескертті. Оларды қолдану улануға, бас сақинасына, асқазан-ішек жолының бұзылуына, тері қышуына немесе аллергиялық реакцияларға әкелуі ықтимал.
Пест-бақылау не үшін керек?
Олеся Негрий пест-бақылаудың негізгі мақсаты – зиянкестердің пайда болуына жол бермеу және олардың таралуының алдын алу екенін атап өтті.
Бұл шаралар кешені аумақтың зиянкестер үшін тартымдылығын төмендетуге бағытталады: азық пен су көздерін жою, өнімді дұрыс сақтау, тазалықты тұрақты қамтамасыз ету, санитарлық жай-күйді жүйелі бақылау.
Маманның айтуынша, зиянкестер боррелиоз, лептоспироз, сальмонеллез секілді жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Сондықтан пест-бақылау адамдар мен үй жануарларының денсаулығын қорғауға ықпал етеді.
Одан бөлек, кеміргіштер мен жәндіктер ғимарат құрылымдарына, электр сымдарына, жиһаз бен басқа мүлікке зиян келтіріп, қосымша шығынға әкелуі ықтимал. Ал пест-бақылау шаралары мұндай залалдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Дезинфектор-нұсқаушы Олеся Негрийдің пайымдауынша, желдету шахталары мен инженерлік коммуникациялар зиянкестер үшін ең қауіпсіз жолдардың бірі саналады. Ал аэрозольді орынсыз қолдану денсаулыққа зиян келтіріп қана қоймай, тарақандардың уға төзімділігін де қалыптастыруы мүмкін. Сол себепті қауіпсіз баламаларды таңдап, алдын алу шараларын күшейту – ең тиімді шешім.