Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ қыздарының арасында бір-біріне түрлі түсті әшекейленген тақия сыйлау сәнге айналуда. Әсіресе, ұлттық мейрам кезінде бұл үдеріс трендке ұласты. Осылайша, ескі әдеп қайта жаңғырды.
Жалпы қазақ халқында қыздар үш жастан бастап бойжеткен шағына дейін тақия киген. Халық киімдерінің ең мәнерлісі – әйел бас киімі саналған.
Ұлттық мейрамда мұндай сыйлыққа ие болған кәсіпкер Айымжан Махамбетқызы қалыптасқан салт туралы өз пікірін білдірді.
Меніңше, тек наурыз айында емес, күнделікті өмірде де киіп жүруге ыңғайлы. Бұрын қазақ халқында бойжеткендер басқалардан өзгеше әдемі киінген. Сұлулығын әсемдеп тұратын киім киіп, қымбат әшекейлер таққан. Сонымен бірге түрлі моншақтармен, тастармен, жіптермен безендірілген тақия киген, оған үкі таққан. Қазір тақия кию қайтадан сәнге келді. Қыздар әсіресе, ұлттық мейрамдарымыз кезінде осы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Мұндай әшекейлі тақияны моншақтармен тіктіріп менде киіп жүрмін, - деді кәсіпкер Айымжан Махамбетқызы.
Қоғам белсендісі Тұрар Сәттарқызының айтуынша, халық дәстүрінің жаңаруы қуанышты жәйт. Алайда дәстүрімізді тым әсерелеп жібермеу қажет.
Дәстүрлеріміз жаңғырып жатқаны қуантады. Салт-дәстүріміз бұл біздің ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті қазынамыз. Бізді басқа ұлттан ерекшелеп тұратын ұлттық құжатымыз. Бабалардан жеткен аманатымыз Оны болашақ ұрпаққа аман - есен жеткізу – бізге міндет. Өйткені қазақтың әр дәстүрінің тәрбиелік мәні зор. Тек оны тым әсірелеп өзгертпесек, құба-құп. Әйтпесе тұсаукесерімізге кәрістің «Ассянди» жоралғысы еніп кеткені қынжылтады, - деді Этнология магистрі, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы.