Тапшылық бар. Астана жылусыз қалуы мүмкін бе?

30 Желтоқсан 2022, 13:17
1045
Бөлісу:
Тапшылық бар. Астана жылусыз қалуы мүмкін бе?

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте елордада жылу тапшылығы барын айтты, дем хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елдегі жылу электр стансаларының проблемасын қалай шешесіздер? БАҚ беттерінен елордада үйлер көптеп салынып жатқанымен болашақта жылу проблемасы болуы мүмкін екенін оқып жүрміз. Бұл мәселе қаншалықты шындыққа жанасады? Астананың да жылусыз қалу қауіпі бар ма? – деп редакциямыз сауал жолдады.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта тапшылық бар. 362 Гкал (гигакалория) шамасында тапшылық сезіледі. Бірақ бұл проблеманы шешу үшін Астана қаласының әкімдігі мен Үкіметпен бірлесіп қосымша үш қазандықты қондыруды жоспарлап отырмыз. Оған Үкіметтен қосымша ақша бөлінген.  Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі бұл тапшылықты келесі  жылыту маусымына дейін шешу үшін әзір болуы керек, - деді министр.

Сөзінше үш қазандық қосымша 1 500 гигакалория жылу беруге мүмкіндігі бар. Яғни артық қуат бере алады.

Жаңа нысандардың құрылысын, мысалы, жылу орталықтарының құрылысын аяқтағанда  қалалық архитектурамен не болмаса  әр облыстың архитектурасымен келісіп, электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін алдын ала тексеру керек. Қалай болса да, сала салып, кейін тарту деген дұрыс емес. Ең басты мәселе – бұл инфрақұрылым. Электр қуаты жеткілікті болуы, сумен қамтамасыз етілуі маңызды. Сумен жабдықтау, оның жүйелерін тарту қажет. Мысалы, біреу (құрылыс компаниялары – ред.) үйді іске қосса, кейін  құбырдың қуаттылығы я болмаса ЖЭС-ның қуаты жетпейтін болса, онда әрине тапшылық болады, - деп түсіндірді Ақшолақов.

Оның айтуына қарағанда, министрлік әкімдіктермен сөйлесіп алдын ала мониторинг жүргізуге ұсыныс берген. Қазір алдымен аудит жұмыстары аяқталады. Кейін оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады.

Осылайша жаңа айтылғандай тапшылық болмас үшін бәрін бір жүйеге келтіреміз. Алдын ала инфрақұрылымды тексеру жұмыстарымен қазір айналысып жатырмыз, - деп айтты Энергетика министрі ОКҚ алаңында.

Өзгелердің жаңалығы