Тапаншасыз жүруге болмайды – Талғат Мұсабаев

28 Сәуір 2020, 15:45
3046
Бөлісу:
Тапаншасыз жүруге болмайды – Талғат Мұсабаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенатор Талғат Мұсабаевты өткен ғарышкерлер күнімен құттықтап, тапанша табыстады.

Бүгін Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сенатор Талғат Мұсабаевқа марапат қаруын табыс етті.

Сізді елімізге сіңірген еңбегіңізбен құттықтаймыз және Қазақстан үкіметінің шешімі бойынша тапанша табыс етеміз. Сіздің атыңыз республикамыздың тарихына лайықты жазылды, - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Талғат Мұсабаевқа мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін үкіметтің қаулысы бойынша иір ойықты атыс қаруы табыс етілді. Дәл бүгін, 28 сәуірде Талғат Мұсабаев осыдан 19 жыл бұрын "Союз ТМ-32" ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа ұшып, алғашқы ғарыш турисін орбитаға алып шыққан болатын. Ғарышқа ұшқан осы сапар ғарыш туризмінің дәуірін ашты. Талғат Мұсабаевтың экипажы "Союз ТМ-31" кемесімен жерге оралды.

Бұл - 21 ғасырдағы және үшінші мыңжылдықтағы Жер ғаламшарынан ғарышқа алғашқы ұшу болатын. Сондай-ақ, биыл Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшқанына 26 жыл толды.

Сенатор өз кезегінде үкіметтің сыйлығын қабылдай отырып, министрге алғысын білдірді.

Үкімет басшысына, министрге алғысымды білдіремін. Тапаншасыз жүруге болмайды, - деп қалжыңдады Талғат Мұсабаев.

Талғат Мұсабаев – ашық ғарышқа Тоқтар Әубәкіровтен кейін шыққан екінші ғарышкер. Қазақстан Республикасының туы мен елтаңбасы 1994 жылы тарихта алғаш рет ғарышқа көтерілді.

 2017 жылғы 13 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы