Танымал нейрохирург: Омыртқаға титан салу туралы бірегей идеямызға германиялық ғалымдар рұқсатын берді

7 Сәуір 2022, 14:41
2333
Бөлісу:
Танымал нейрохирург: Омыртқаға титан салу туралы бірегей идеямызға германиялық ғалымдар рұқсатын берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасына сұхбат берген «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, білікті нейрохирург Серік Ақшолақов мәлімдеді. 

Еліміздегі ғылымды дамытуға аса назар аудару қажеттігін алға тартқан маман жетістіктерімізді де атап өтті.  

Біз дүние жүзінде бірінші болып омыртқаны титанмен алмастырдық. Адам әсіресе, ол метастаз болып зақымданғанда орнынан тұра алмай қалады. Осы мәселені қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмысын бастадық. Зерттеу жұмысымызды шетелде бірнеше жерде ғана тексертуге болады екен. Соның бірі – Германияның Ульм қаласындағы Ортопедия емханасына барып эксперименттік жұмысымызды өткіздік. Оған қажетті материалдың барлығын Америкадан алдырттық. Бірақ идея біздікі. Жұмыс өте жақсы деген бағаға ие болып, әлемде алғаш рет орталығымызда 4 операция жасадық, - деп атап өтті әйгілі нейрохирург. 

Сондай-ақ нейрохирург денсаулықты күтуге қатысты өз кеңесін берді. 

Бұл әр уақытта айтылып жүрген дүниелер. Ең бірінші салауатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін. Адам өз денсаулығын өзі сезіп отыруы керек. Сондықтан адам денсаулығы үшін тек дәрігерлер емес, әрбір адам өзі жауапты. Бір жағдай орын алса, толығымен тексерістен өту де маңызды. Көпшілік Оңтүстік Кореяға барып өтетін чек-ап тексеріс қазір астанамызда да қолжетімді. Дені сау адамдар жылына бір рет, екі жылда бер рет толықтай тексеруден өтіп отырғандары дұрыс, - деп атап өтті білікті дәрігер. 

Сонымен қатар ол денсаулығында кінәраты бар жандарға одан көбірек дәрігердің көмегіне жүгінуді ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы