Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде ҚР Парламентінің төменгі палатасына кезекті депутаттар сайлауы және жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға кандидаттар сайлауы өтті. Бұл кез келген ел үшін қоғамның болашақ саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын анықтайтын маңызды оқиға.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Әбен айтты.
Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша сайлаушылардың қатысу деңгейі 63%-дан жоғары болды. Алдын ала нәтижелер бойынша ҚР Парламентінің төменгі палатасының депутаттығына Nur Otan, Ақ жол, ҚХП партияларынан кандидаттар өтті. Сайлаушылардың 71%-дан астам дауысын жинаған Nur Otan партиясы басымдықпен алға шығып, көш бастады. Заңнамаға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Жақын арада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа депутаттар құрамының назарына Премьер-министр және Үкіметтің басқа мүшелерінің кандидатуралары бойынша ұсынысы енгізілгеннен кейін Үкімет құрамы да белгілі болады, - деді ол.
Оның сөзінше, бір айта кетерлігі, Мәжіліс пен ҚР Үкіметінің жаңа құрамының алдында Мемлекет басшысы өзінің таяудағы сөйлеген сөзінде жария еткен және соңғы Жолдауында көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру бойынша маңызды міндеттер тұр.
Алайда бірінші кезектегі міндеттердің қатарына коронавирус пандемиясы салдарынан зардап шеккен ҚР экономикасын қалпына келтіру мәселесі тұр. Қазіргі деректерге сәйкес, 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның нақты ЖІӨ 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға азайды. 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі (3,9%-ға) азайды. Сыртқы сауда көрсеткіштері айтарлықтай (13,2%-ға) төмендеді, тау-кен өндіру секторында төмендеу (3,4%-ға) байқалды, жүк айналымы мен жолаушылар айналымының көлемі тиісінше 3,9%-ға және 62%-ға төмендеді. Сонымен қатар пандемияға және әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне байланысты кіріс бөлігі едәуір қысқарды және мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі өсті. Тек 2020 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 2,3 трлн теңге немесе өткен жылдан 23%-ға артты. Мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты шамамен 3,5%-ды құрайды. Бірақ көп жағдайда бұл деңгей Ұлттық қордың резервтері, яғни 4 триллионнан тенгеден астам көлемде жүзеге асырылған трансферттер есебінен ұсталады, олардың басым бөлігі дағдарысқа қарсы іс-шараларға бағытталды, - деп сөзін толықтырды Әсел Әбен.
Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар экономиканың жекелеген секторларында (өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы) экономикалық белсенділіктің оң серпінін сақтауға, ал әлеуметтік қолдау шаралары – халықтың әл-ауқатының деңгейін сақтауға мүмкіндік берді. Алайда 2020 жылдың толық нәтижелері жақын арада белгілі болады. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының 3%-дан 2,5%-ға дейін құлдырауына қатысты өз болжамын түзеткенін атап өткен жөн.
Ресей (-4%), Армения (-8%), Қырғызстан (-8%), Грузия (-6%) бойынша экономикалық өсудің болжамды көрсеткіштерімен салыстырғанда Қазақстан жақсы жағдайда. Бірақ бұл ҚР Парламенті мен Үкіметінің жаңа құрамының алдына қойылған міндеттердің күрделілік дәрежесін жеңілдетпейді. Сонымен қатар қазір біз Еуропа елдерінде пандемия індетінің қайталануын көріп отырмыз. Бұл осы елдердің үкіметтерін қайта локдаун енгізуге мәжбүр етуде. Сондықтан бірінші кезектегі міндеттердің қатарында елдегі тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау және өткен жылдың маусым-шілде айларында болған жағдайға жол бермеу болып табылады, - деді спикер.
Оның пікірінше, 2021 жылдың 15 қаңтарында Мемлекет басшысы экономикалық реформалардың жаңа пакетін жария етеді. Олар шикізаттық емес секторларды дамыту, экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқартуға, бәсекелестікті күшейтуге және теңдестірілген өңірлік дамуға негізделген экономикалық өсудің сапалы жаңа моделінің негізін салуға тиіс.