Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Айкерім Күдеринова ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, конференцияның негізгі мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың арнайы және инклюзивті білім алуының өзекті мәселелерін талқылау, тәжірибе алмасу, арнайы білім беру үшін педагог кадрлар даярлау, білім беру қызметтерінің сапасын қорытындылау.
Сонымен қатар ол бұл педагогикалық қоғаммен диалог болатынын жеткізді.
Іс-шараға жаңашыл педагогтар, білім беру ұйымдарының үздік басшылары, сарапшылар мен ата-аналар қоғамының өкілдері қатысады. Спикерлер дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары мен презентациялар өткізеді, - деді Айкерім Кудеринова.
Қазіргі уақытта елде 457 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейтінін атап өту керек. Оның ішінде облыстар мен қалалар бойынша арнайы мектепке дейінгі ұйымдар – 45, арнайы мектеп ұйымдар – 99, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері – 213, психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер – 87, оңалту орталықтары – 13.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мен тәрбиелеу инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда, жалпы білім беретін ұйымдар жанындағы арнайы топтар мен сыныптарда да жүзеге асырылады.