Тамыз айында қандай ауа райы күтіп тұр?

23 Шілде 2020, 16:59
3207
Бөлісу:
Тамыз айында қандай ауа райы күтіп тұр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тамыз айының ауа райы қандай болмақ? Бұл туралы "Қазгидромет" РМК директоры Данара Әлімбаева айтты.

Жаздың соңғы айы - тамызға да келіп жеттік. Ауаның орташа айлық температурасы тамыз айында шілде айына қарағанда солтүстікте 2-2,5 градусқа, ал оңтүстік облыстарда 1 градусқа төмен болады. Қазақстанның солтүстігінде ауаның орташа айлық температурасы 16-20 градусқа оңтүстікке қарай жоғарылай отырып, қиыр оңтүстікте 27-29 градусқа жетеді. Консультативті болжамға сәйкес жаздың соңғы айы климаттық норма шамасында болады деп күтілуде. Тамыз айында ауаның орташа айлық температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында болады, - деді Данара Әлімбаева.

Оның айтуынша, Солтүстік жартысында 17-22 градус, Шығыс аймақтардың таулы-бөктерлі аудандарында 15-16 градус, батыс және оңтүстік аймақтарда 23-27 градус шамасында сақталады.

Ауа температурасы қалыпты шамада болады. Осыған қарамастан ауа массаларының жиі алмасуына байланысты жауын-шашынсыз ыстық күндер мен салқын, жауынды күндер қатар болады. Бұл Скандинавия аймағынан суық ауа массаларының енуіне және Жерорта теңізі мен Ираннан шығатын оңтүстік циклондармен байланысты. Тамыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында күтіледі. Республиканың оңтүстігінде норма 2-9 мм, батыс пен орталық – 11-24 мм. Солтүстік Қазақстан облысында нормадан көп күтілуде – 40-53 мм, Қостанай облысында 17-55 мм, Ақмола облысында – 20-41 мм, Павлодар облысының солтүстік батысында 23-40 мм, Қарағанды облысында – 11-17 мм, БҚО және Ақтөбе облысының солтүстігінде – 17-27 мм, ал Алматы облысының таулы және тау-бөктерлі аудандарында – 18-90 мм, - деді "Қазгидромет" РМК директоры.

Өзгелердің жаңалығы