Тамара Дүйсенова жайлы мектептің ашылу салтанатына қатысты

Бүгiн, 12:24
280
Бөлісу:
Тамара Дүйсенова жайлы мектептің ашылу салтанатына қатысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Астанадағы №101 орта мектептегі алғашқы қоңырау шарасына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Білім ошағы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл бой көтеріп, қолданысқа енгізіліп отыр.

Есігін жаңа ашқан мектептің оқушылары, ұстаздары мен ата-аналары алдында сөз алған Тамара Дүйсенова білім күнімен құттықтады.

Бізде Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлері, республикалық физика-математика мектептері секілді үздік білім ошақтары бар. Олардың оқушылары білім сапасының өте жоғары деңгейін көрсетіп, Қазақстанды дүние жүзіне танытуда. Әрине, еліміздің барша балалары сондай мектептерде оқуды арман ететін. Президент сіздердің армандарыңызды орындады деп айтсам болады. Алдағы жылдары мұндай мектептер барша қазақстандық балаларға қолжетімді болмақ. Сіздердің алдарыңызда жақсы оқып, еліміздің лайықты тұлғалары болу міндеті тұр, — деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер ғимаратты тұрғызуға күш салған құрылысшыларға алғысын білдірді. Мұнда 4 мыңнан аса бала екі ауысымда білім алатын болады. Есілдің сол жағалауында орналасқан білім ошағында 99 оқу кабинеті қарастырылған, оның ішінде 6-ауы компьютерлік, 10 мамандандырылған сынып. Одан бөлек, ғимаратта 4 спорт залы, асхана, кітапхана, психолог бөлмесі де бар. Сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған. Алғашқы оқу маусымына аяқ басқан мектепті аралаған Тамара Дүйсенова ұстаздарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, биыл алғашқы қоңырау елдегі 7859 мектепте соғылды. Онда жалпы саны 3,9 млн-нан аса бала білім алмақ, оның 352 мыңнан астамы білім ошақтары табалдырығын алғаш рет аттап отыр.

Өзгелердің жаңалығы