Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі бойынша белсенді топ өкілдерімен кездесті

13 Мамыр 2022, 19:20
2604
Бөлісу:
Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі бойынша белсенді топ өкілдерімен кездесті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету бойынша Қазақстан әйелдерінің қозғалысы өкілдерімен 4 кездесу өткізді.

 Кездесулерге министрліктің зейнетке ерте шығу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова қатысты. Белсенді топ өкілдері зейнет жасын төмендетуге байланысты өздерінің ұсынысын жеткізді.

Бірінші кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегай және белсенді топ өкілдері Майкен Бигарстанова, Марина Бачаева, Ольга Смирнова, Ольга Гаун-Штрайхерт, Жанар Жібегенова қатысты.  

Заңнамада бекітілген әйелдердің зейнетке шығу жасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың зерттеулері мен ұзақ мерзімді болжамдарына негізделген. Бұл зерттеулер мен болжамдар халықаралық талаптарға сай және әлемдегі экономикалық, демографиялық ахуалға негізделіп әзірленген. Бекітілген жас базалық, ынтымақты зейнетақы мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді ескере отырып лайықты зейнетақы мөлшерін қалыптастыруға бағытталған.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп өзектілігін жойып келеді.  Себебі оны белгілеу кезінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарнасының есебінен жасақталатын жинақтаушы зейнетақының маңызы артып келеді. Жарна мөлшері мен төлем мерзімі ұзақ болған сайын зейнетақы мөлшері де көбейеді.

Ынтымақты жүйедегі өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын жасы 50-ден асқан қазақстандықтар лайықты төлеммен қамтылмайды.

Тамара Дүйсенова әйелдердің зейнетке ерте шығуына қатысты ұсыныстар жөнінде белсенді топ өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.    

Мен зейнетке ерте шығуға қарсы емеспін. Бізде қазірдің өзінде зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге және зейнет демалысына 55 жаста шығуға мүмкіндік бар. Факторлардың барлығын бірлесе отырып зерттеуіміз керек. Бұл кейін азаматтарымыздың зейнетақысы төмен болмауы үшін қажет.  Азаматтарымыздың табысын ескере отырып, зейнетке ерте шығудың бірнеше тәсілін қарастыруымыз керек, – деді министр.

Өзге кездесулерде жасы мен табысы, зейнетақы мөлшері және жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілі бойынша зейнет жасындағы әйелдердің санына қатысты деректер қаралды. Экономика секторларындағы жасы 50-ден асқан әйелдердің табысы мен әлеуметтік статусы да талқыланды. Сонымен қатар кездесуде орташа немесе төмен зейнетақы алатын әйелдердің мәселесі де көтерілді.

Белсенді топ өкілдері зейнет жасын төмендетуге байланысты өздерінің ұсынысын айтты. Министрлік бұл бағыттағы өз жұмысын жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы