Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту шаралары қалай жүріп жатқанын түсіндірді

2 Тамыз 2022, 11:56
1711
Бөлісу:
Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту шаралары қалай жүріп жатқанын түсіндірді

Үкімет отырысында Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында «Қуатты өңір – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар жөнінде айтты.

Өз баядамасында Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттырудың негізгі шарты – сапалы жұмыс орындары екенін атап өтті.

Осы жылы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 163 мың адам (55 пайызы) тұрақты жұмыспен қамтылды. 153 мың адам жұмыс берушілер ұсынған бос орындарға орналасса, 122 мың азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары аясында жұмыспен қамтылды. Ал 6,9 пайызы ұлттық жобалар шеңберінде жұмысқа орналасты, – деді Тамара Дүйсенова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі цифрлық технологиялар азаматтарды жұмысқа орналастыруды ұйымдастырудың тиімді әрі ашық жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтты.

Жұмысқа орналастыру жөніндегі мәліметтердің дұрыстығы міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің мониторингі арқылы қамтамасыз етіледі. Мониторинг мәліметтеріне сәйкес, Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың тек 38%-да зейнетақы жарналары бар. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде және жұмыс берушілер ұсынған бос орындар бойынша бұл көрсеткіш тиісінше 81 және 65 пайызды құрайды, –  деді министр. 
 

Өзгелердің жаңалығы