Тәліптермен әйелдердің құқықтары жайлы келіссөз жүргізуге дайынбыз - БҰҰ-ның өкілі

20 Тамыз 2021, 16:23
8418
Бөлісу:
Тәліптермен әйелдердің құқықтары жайлы келіссөз жүргізуге дайынбыз - БҰҰ-ның өкілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мәлім етті.

Оның айтуынша, Ауғанстанда он жылдам астам уақыт жалғасып келе жатқан ахуал халықтың жағдайын әбден қиындатқан. Биыл Ауғанстанда 17 млн-ға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж болып отыр.

Қазіргі таңда Ауғанстанда бірнеше мәселе бар. Экономикалық жағдайын былай қойғанда, ауғандықтарда ұлт ретінде жойылып кетеміз деген қауіп бар. Олар бұрынғыдан қарағанда көмекке мұқтаж. БҰҰ-ның мақсаты – бір отбасындай жұмыс істей отырып, Ауғанстан халқына көмек көрсету, - деді ол.

Сонымен қатар Фриберг-Стори жағдайдың бақылауда болатынын және босқындарды қоныстандыру мәселесіне байланысты сұрақтарға жауап іздейтінін айтты.

Қазіргі уақытта Ауғанстаннан көшіп кетіп жатқандар көп. Биыл олардың саны екі есе ұлғаяды. Қазір Ауғанстанмен көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізудеміз. Атап айтсақ, біздің қызметкерлер Пәкістанмен келісімге келді.

БҰҰ-ның өкілі Ауғанстандағы әйелдер құқығының тапталуына байланысты пікір білдірді. Айтуынша, ер адамның құқықтары қандай болса, әйелдердің де құқығы сондай болуы тиіс.

Біз бұл сұрақты қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда ұйым көбіне гуманитарлық көмекке көңіл бөліп жатыр. Бұл мәселе көптеген елдің араласуымен іске асуы керек. Біздің ұйым Тәліп басшылығымен әйелдердің құқығына байланысты келіссөздер жүргізуге дайын. Оларды әлемдік стандарттарға сай етуге барымызды саламыз. Ер адамдар мен әйелдердің құқықтарының тең болғанын қалаймыз, - деді Микаэла Фриберг-Стори.
Өзгелердің жаңалығы