АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткенімен, ықпалын жоғалтқан жоқ – саясаттанушы

16 Тамыз 2021, 17:15
4799
Бөлісу:
АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткенімен, ықпалын жоғалтқан жоқ – саясаттанушы
Сұхбат

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ауғанстан билігін тәліптер неліктен жылдам басып алды? Ауғанстандағы саяси жағдай Орталық Азияға қалай әсер етеді? Тәліптердің билікке келуімен Қазақстандағы жасырын радикал топтар бой көрсетуі мүмкін бе? Тәліптер Ауғанстанда біртұтас мемлекет құра ала ма? Қазақстан лаңкестік қозғалыс деп таныған тәліптермен алдағы уақытта келіссөз жүргізе ме? АҚШ-тың Ауғанстандағы ықпалы осымен аяқталды ма? Осы және өзге де сұрақтарға тарих ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық сарапшы Сайфулла Сапанов сұхбат барысында жауап берді.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткенімен, ықпалын жоғалтқан жоқ – саясаттанушы

АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарғалы тәліптер елдің көп бөлігін жылдам басып алып жатқаны ақпарат құралдарында айтылып келді. Кешеден бері тәліптер Кабулға кіргенін естіп отырмыз. Алдағы уақытта Ауғанстандағы жағдай қалай өрбуі мүмкін?

Жалпы, тәліп дегеніміз – 1994 жылы Пәкістанда құрылған студенттердің ұйымынан бастау алады. Олар 1996-2001 жыл аралығында ауған үкіметінің билігінде болды. Ол кезде 5-6 жыл басқарды және билігі Шариғат заңына негізделген. 

2021 жылдың 14 сәуірінде АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарыла бастады, Байден солай шешім қабылдады. Ал 14 тамызда тәліптер ел астанасы Кабуылға кірді деген хабар тарады. Бүгінгі жаңалықтарда Ауғанстан президенті Ашраф Гани отставкаға кетті әрі Тәжікстанға ұшты деген ақпарат тарап жатыр. Яғни қазір Ауғанстандағы билік уақытша кеңестің қолына өтуі мүмкін. Бұл жерде Абдулла Абдулла мен Хамит Карзай осы кеңеске мүше болды деп жатыр. Хамит Карзай бұған дейін Ауғанстан президенті болған. Кезінде оған тәліптер тарапынан бірнеше лаңкестік әрекет жасалған. 

Қазіргі тәліптердің жетекшілеріне келсек, оларда бірнеше жетекші топ бар. Әсіресе, өте күшті ықпалға ие, бұл – Мұхаммед Якуб. Ол тәліп жетекшілерінің бірі болған Омар молданың ұлы, ол америкалықтардың қолынан қаза тапты. Тағы Хаккани деген жетекшілері бар. Бұлардың барлығы пуштундар. Ауғанстандағы қазіргі қалыптасып отырған этникалық ахуал өте күрделі. Кезінде пуштундар мен хазариттер арасындағы этникалық қатынас өте қатты шиеленісті. Алдағы уақытта тәліптер үкімет басына келген жағдайда бұл этникалық жанжал уақытша тоқтағанымен, кейін қайта өршуі мүмкін. Онда пуштундардан басқа хазариттер, тәжіктер, өзбектердің этникалық тобы өте көп. 

Тәліптердің саяси басшылығы қазір Катар мемлекетінде орналасқан. Олар шетелдік және халықаралық дипломатиялық миссияларға ешқандай зорлық көрсетпейміз деп мәлімдеп, олардың Ауғанстанның астанасы Кабулда қалуын сұрап отыр. Бірақ барлық еуропалық мемлекет өздерінің дипломатиялық миссияларын елден алып кетіп жатыр. Ондағы соңғы ақпаратқа қарағанда тәліптер Кабул әуежайын атқылап, қолдарына алмақшы. 

Кейбір ақпарат көздерінде тәліптер үкіметпен келіссөз жүргізді және билікті уақытша кеңес алды дейді. Ал тәліптер бізге уақытша кеңес керек емес, билікті тікелей беріңдер деп отыр. Бұл қазірдің өзінде тәліптер мен билік арасында үлкен күрес болатынын көрсетеді. Жалпы тәлібан қозғалысы біртұтас ұйым емес. Олардың ішінде де әртүрлі топтар бар. Саяси билікке келгенде де олардың ішіндегі алауыздық күшеюі мүмкін. Олар билікке келгенімен, көп кешікпей оларға қарсы әскери оппозиция да қалыптасады. Сондықтан тәліптер алдағы уақытта үлкен коалициялық мемлекет, үкімет құра алады деген үміт жоқ. Себебі, олар үкіметке келісімен АҚШ-пен жұмыс істеген барлық күш репрессияға ұрынатыны анық. Олардың көбі елден қашып жатыр. 

Ауғанстандағы жағдай Орталық Азияға қалай әсер етуі мүмкін?

Тәліптер өз ықпалын Орталық Азияға немесе Ресейге таратпаймыз деген мәлімдеме жасады. Бірақ олардың мәлімдемесіне сену өте қиын. Тәліптердің кейбір радикалды топтары Ауғанстанды алған соң, өзіміздің ықпалымызды Орталық Азияда жүргіземіз деп, Исламдық Халифат  құру идеясын көтеріп жатыр. Ал саяси билігі мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Жағдай күрделі, оларға сенуге болмайды. Себебі, 1996 жылы олар үкімет билігіне келгенде де осындай мәлімдеме жасаған. Қазір Ауғанстаннан көптеген босқын қашып жатыр. Әсіресе, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан шекарасындағы босқындардың жағдайы күрделі болып тұр. 

Ресей қазір Ауғанстанда өз саясатын күшейтуде. РФ президенті Владимир Путин бұған дейін Тәжікстан президентімен осы жағдайды талқылаған. Путин қазір Орталық Азияға кепілдік беріп отыр. Егер тәліптер Орталық Азияға қолсұқса, біз оған қарсы жауап береміз дегенді айтты. Оның үстіне Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің құрамы кеңейтіліп, 40 мың әскерге дейін жетті. 

Тәліптердің бізге қауіпті тұсының бірі ол ДАИШ-тың белгілі бір топтарының олардың құрамында болуы. Яғни, тәліптердің құрамында ДАИШ-тың саясатын қолдайтын күштер бар. Әрине, тәліптер өз мәлімдемесінде ДАИШ-ке қарсымыз деп отыр. Дегенмен алаңдаушылық бар.

Біз мүддемізді Орталық Азияда күшейтуге бағытталған мемлекетпіз. Жақында Орталық Азия Мемлекет басшыларының кездесуі болды. Сонда «Орталық Азия жастары болашаққа нық қадам басуы керек» деген үлкен меморандумдар қабылданды. Қазақстан егер өзін Орталық Азиядағы жетекші мемлекет ретінде көрсе, онда біз Ауғанстанды да аймақтық мемлекет ретінде ысырып тастай алмаймыз. Қазір әліптің артын бағып, ондағы жағдайдың тұрақтанғанын қалаймыз. Менің ойымша, Қазақстан өзінің дипломатиялық миссиясын Ауғанстаннан шығарады. Себебі ол жерде дипломатиялық миссиямызға кепілдік бере алмаймыз. Көп ел ондағы дипломаттарын шығаратынын мәлімдеді, тек Ресей ғана ондай мәлімдеме жасаған жоқ. Біздікілер сол ресейлік әріптестермен ақылдаса отырып бұл мәселені шешетін сияқты. Бірақ қауіпсіздік үшін біздің дипломатиялық өкілдерді алып кеткен дұрыс.   

Сондай-ақ, Қытай да өз саясатын Орталық Азия мен Ауғанстанда бекітіп алғысы келеді. Қытай жетекшілерінің соңғы мәлімдемесіне қарағанда олар Ауғанстанның экономикасын көтеруге көмектесеміз деп отыр. Қытай өз саясатын әрқашан тереңнен ойлап,  инвестиция салу арқылы шешіп отырады. Сол арқылы шекарасындағы жағдайды шешіп алғысы келеді. 

Дегенмен тәліптердің үкімет басына келуі Ауғанстанның шекаралас мемлекеттермен арадағы жағдайды шиеленстіріп жіберді.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткенімен, ықпалын жоғалтқан жоқ – саясаттанушы

Тәліптердің Ауған үкіметіне келуі біздегі радикалды топтарға әсері қандай болмақ?

Расымен де, тәліптер біртұтас емес, жаңа айтып өткенімдей, олардың ішінде радикалды дінді қолдайтындары бар. Олар Орталық Азиядағы ұйықтап жатқан радикалды күштерге сеніп отырған сияқты. Бізде ондай топтар бар екенін жасырмаймыз. Ол топтардың идеологиялық жағынан оянып кету қаупі бар. Сондықтан Ауғанстандағы жағдайды біздің билік бақылауда ұстауы қажет. Олардың идеологиясының ел аумағында таралуына барынша кедергі болуымыз керек. Бұл жерде билік, зиялы қауым, муфтият пен БАҚ-тың жұмысы маңызды болмақ. Әсіресе, муфтият діни сауаттылықты арттыру жолында жұмысты күшейткені дұрыс. 2012 жылдары радикалды топтар бір көтіріліп, қайта басылған. Мына жағдайдан кейін олар қайта бас көтеруі мүмкін. Халифат құру идеясы қазіргі заманда мүмкін емес, дегенмен соны аңсайтындар бар. 

Тағы бір қауіпті фактор ол - есірткі саудасы. Ауғанстан дүниежүзінде есірті саудасынан алғашқы орында. Есірткі тасымалы Орталық Азия арқылы Ресей, кейін Еуропаға өтіп отыр. Есірткі сатушылар мен әсери басшылықтағылардың есірткі арқылы баюы әлі тоқтамады. 

Ауғанстандағы жағдай шетелден инвестиция тартып отырған Қазақстанға кері әсер етуі мүмкін бе? 

Жоқ, біздің елге экономикалық әсері болмайды. Бастапқы кезде, әсіресе, 2000 жылға дейін осындай пікір болды. Ол Ауғанстанның географиялық орналасуын дұрыс бағаламағандықтан туған. Ондағы қазіргі жағдай біздің экономикамызға тікелей әсер ететін фактор емес. Ол - саяси фактор. Яғни Орталық Азияға әсер ететін саяси фактор болып отыр. 

Ауғанстан әскері тәліптерге неге тез берілді, неліктен қарсылық көрсете алмады?

Тәліптер 2001 жылдан бері америкалықтарға қарсы жиырма жыл соғысты. Және олардың идеологиясы да өзгерді. Олар қазір барынша әлемдік қауымдастыққа, ауған халқына «Біз біртұтас мемлекет орнатамыз. Елдегі азамат соғысын тоқтатамыз»  деп уәде беріп жатыр. 20 жылдың ішінде Американың көмегімен ауған халқының әскері жасақталды және олар алдыңғы қатарлы қару-жарақпен қамтылды. АҚШ ауған әскері өзін қорғай алады деген ойда болды. Бірақ ол әскер тәліптерге қатты қарсылық көрсетпеді. Бұл жерде Ауғанстан әскерінің қалыптасуының да өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені олардың арасында да тәліптерді қолдаушылар көп. Бір сөзбен айтқанда, өз халқымен соғысқысы келмейді. Мұндай жағдай бұрын да болған. Кезінде Совет одағы ауған жеріне кіргенде де олардың әскері душмандарға қарсы соғысудан бас тартқан. Сол жағдай қазір де қайталанып отыр.

Қазір Америка күшімен жасақталған ауған әскерінің уақыты санаулы. Қазір онда келіссөздер жүріп жатыр. Уақытша кеңес құрыла ма, тәліптермен олардың арасында жағдай қалай дамиды, сол жағы алдағы уақытта белгілі болады. Ал уақытша кеңес құрамына кіріп отырған Хамит Карзайды тәліптердің бір бөлігі қолдайды. Ол сол үшін кетпей отыр. Егер уақытша кеңес тәліптерге билікті тапсыратын жағдай болса, онда Хамит Карзай болсын деп тәліптердің өздері тілек білдірген. Сондықтан ол өзінің азаматтық борышын орындап отыр. Сондай-ақ Барадар мен Ахмет Жалали деген уақытша биліктің адамдары бар. Бірақ бұларға тәліптер қарсы. Олар АҚШ-тың сойылын соққан адамдар деп ескерілуде. Меніңше, Катарда орналасқан тәліптердің қазіргі саяси басшылығы осындай келіссөз арқылы билікке келетіні сөзсіз. Алайда олар саяси билікті ұзақ уақыт ұстай ала ма, қандай реформалар жүргізетіні белгісіз. Егер 1996 жылдағыдай Шариғат заңына негізделген билік орнататын болса, онда ғұмырлары ұзақ болмайтыны белгілі. Өйткені оларды биліктен кетіретін басқа да әлемдік күштер табылады. 

Оның үстіне қазір тәліптер АҚШ-ты жеңдік деген эйфория жағдайында. Сондықтан халықтың көпшілігі солардың жағында. Себебі, 20 жыл ішінде АҚШ әскерінің кесірінен ауғанның көптеген бейбіт тұрғыны зардап шекті. АҚШ онда соғысудың ерекшеліктерін ескермеді. Олар әуеден соққы бергенде бейбіт адамдар көп зардап шекті. Сондықтан америкалықтарды қуып шықтық деген тәліптердің эйфориясын ауған халқы қолдап, оларға қарсылық көрсетпеді. Көптеген қаланың соғыссыз тәліптердің қолына өтіп кетуі антиамерикалық саясаттың нәтижесі. 

Бұған дейін «Талибан» қозғалысы лаңкестік ұйым деп танылған, оның ішінде біздің ел де бар. Ендігі жағдайда халықаралық қатынастар қалай өрбиді?

Иә, БҰҰ, басқа да халықаралық ұйымдар оларды лаңкестік қозғалыс деп таныған. Алдағы уақытта бәрі көзқарастарын өзгертеді деп ойлаймын. Қазақстан дипломатиялық келіссөз орнатады деп ойламаймын. Дегенмен әлемдік қауымдастық, жетекші мемлекеттер тәліптерді саяси билік деп мойындап жатса, біз де ойымызды өзгертеміз. Себебі біздің де онда экономикалық мүддеміз бар. 20 жыл ішінде Қазақстан ауғанға астық, азық-түлік жағынан көп көмек берді. Олардың жастарын елге әкеп оқытты. Сондықтан біз де олармен белгілі бір мөлшерде байланысымызды жалғастырамыз. 

Қазір тәліптерді Сауд Арабиясы, Катар мен Пәкістан мойындайды. 1996-2001 жылдары да олардың билігін осы үш мемлекет мойындаған. Олар қазір де тәліптердің саяси кураторы іспетті. 

Америка неліктен Ауғанстаннан әскерін шығару жөнінде шешім қабылдады және мұнымен олардың ықпалы тоқтай ма?

Ауған жерінен АҚШ әскерін шығару демократтардың саясаты. 2017 жылы демократ Барак Обама билікке келген кезде ол Ауғанстаннан кетеміз деп мәлімдеген болатын. Ондай мәлімдемені Трамп та жасаған. Кейінгі саясатты  Байден жалғастырды. Сондықтан бұл АҚШ-тың 2017 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясаты. АҚШ 2001 жылы Ауғанстанға келген соң тәліптерді биліктен кетіріп, жаңа ауған билігін құрудағы саясаты сәтсіз болып отыр. Өйткені Ауғанстан күрделі мемлекет. Сондықтан қырауар қаражат шығарып жүргізген саясатының сәтсіздігін мойындады. 

Жалпы ауған халқы ешқандай окупацияны мойындамайды. Тарихта оларды ешкім жеңе алмаған. 19-ғасырда  ағылшындар да, мықты Совет үкіметі де жеңе алмады. Ауғанстанның тағдыры ауған халқының қолында болады, халық қай жолды таңдаса, сонымен жүреді. 

Меніңше, АҚШ алдағы уақытта Пәкістанмен қарым-қатынасты күшейтеді. Сол Пәкістан арқылы тәліптерге ықпал ету мәселесі көзделіп отыр. Екіншіден, соған ұқсас түрік факторы іске асуы мүмкін. Яғни Түркия арқылы Ауғанстанды бақылауда ұстайды деген болжам бар. Себебі Ауғанстандағы саяси билік қандай болады деген сұраққа кейбір америкалық сарапшылар Түркияның мысалын келтіреді. Ол - өркениетті ислам мемлекеті. Сол Түркия моделін ұсына ма, әлде Пәкістан арқылы ықпал ете ме, белгісіз. АҚШ Ауғанстаннан кеткенімен, ықпалын әлі де сақтап қалады. АҚШ-тың саяси әлеуеті күшті, сондықтан олар Катар, Сауд Арабиясы немесе Пәкістан арқылы тәліптерді орнына қоюға қауқары жетеді. Ресей ақпарат құралдары АҚШ жеңілді, ауғаннан кетті деп шулап жатыр. Бұл - дұрыс емес, онда үлкен саясат жатыр. АҚШ-тың стратегиялық жоспары Орталық Азияда, Таяу Шығыста болсын жүріп жатыр. 

Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы