Талғар тұрғындары жаңа білім ошағының аралас мектеп болуына қарсы

16 Сәуір 2022, 16:02
2934
Бөлісу:
Талғар тұрғындары жаңа білім ошағының аралас мектеп болуына қарсы
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыда «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты алқалы жиын өтті. ҚР Парламенті депутаттары, тарихшылар, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары аралас мектептің ел болашағына балта шабатынын мәлімдеп, оларды жабу керек деген пікірлерін білдірді.

Жиын барысында Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Қамнұр Тәлімұлы жаңадан ашылайын деп жатқан 1200 орынды мектеп аралас болатынына наразы екендерін жеткізді. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы билік бірен-саран ата-ананың ұсынысына бола аралас мектеп жасағалы отырған көрінеді.

Бүгінде Талғар ауданы бойынша жалпы білім беретін 42 мектеп бар. Оның 13-і қазақ, 2-уі орыс, қалған 27-сі аралас мектеп. Талғар қаласының өзінде 10 мектеп бар, оның 4-уі қазақ, 4-уі аралас, 2-уі орыс мектебі. Бұл мектептерде 10 500 бала оқиды, оның 6888 қазақ баласы, ал 6 мектеп болып оқып жатқан орыс балалары 2065, яғни көптеген қазақ баласы орыс сыныптарын толтырып отыр. Біз осындай жағдайда қалада енді ашылайын деп жатқан мектептің аралас емес, мемлекеттік тілде болуы өзінен-өзі көрініп тұр. Сол маңдағы Тұрар Рысқұлов атындағы №9 мектепте, яғни 200 орынды балабақшада 345 бала қысылып оқып жатыр. Бұл ескі мектепті жаңа ғимаратқа көшіру қажет,-дейді тіл жанашыры.

Талғар тұрғындары жаңа білім ошағының аралас мектеп болуына қарсы

Қамнұр Тәлімұлы аудандағы Ардагерлер ұйымының, аудандық кеңестің және басқа да қоғамдық белсенділердің осы мектеп қазақша болсын деген бастамаға қол қойдырып, облыстық мәслихатқа арнайы хат жолдапты. Облыстық мәслихат депутаттары комиссяисын өткізіп, бірауыздан бұл таза қазақ мектебі болып ашылсын деп хаттамаға қол қойып беріпті. Одан бөлек Талғарда тұратын бүкіл этнос өкілдері менэтно-мәдени бірлестіктері жетекшілерінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі, Түрік республикалық мәдениет орталығы төрағасының орынбасары  Шайхсмаил Асипов қол қойған хатты да жолдапты. Бірақ жергілікті атқару билігі оны да місе тұтпаған.

Осы күні халық мемлекетке сенбейді, неге ашулы? Себебі халық үніне құлақ түріп, жете мән беріп, түсіністікпен қарауға тырыспайтын жеке басшылардың жауапкершілігі жетіп-артылады. Биліктің қайнар көзі – халық. Ел басқарған әкімдер алдымен осыны түсініп алу керек. Үкімет халықтың мұңы мен мұқтажын ұғып, оның үдесінен шығып, үніне дер кезінде құлақ түріп, ел ішінде қордаланып қалған мәселелерді маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен шешудің жолын көрсетіп, мұңын айтқан халықпен кері байланысқа шығып отырса шу болмас еді,-дейді Талғар тұрғыны.

Оның айтуынша, еліміз аралас мектептен айырылмайынша, ұрпаққа ана тілінде толыққанды тәрбие бере аламайды, Тәуелсіздіктің тұғырын биіктету мүмкін емес.

Аралас мектеп деген – дерт. Ұлтымыздың жазылмас жарасы. Тілімізді шұбарлап, бізді шүршіт жасаудың ең тиімді әрі төте жолы. Бұл кеңес үкіметінен бері кесілмей келе жатқан кесапат екенін ұғатын уақыт жетті,-дейді  Қамнұр Тәлімұлы.
 

Өзгелердің жаңалығы