Жалпы жыл сайын жетісулық білім мекемелерінде ондаған суицид оқиғасы болады. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да аз емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқушылар арасында 20 қылмыс оқиғасы болған
Шыны керек, суицид – қоғамда белең алған күрделі мәселе. Әсіресе, жастар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларының көбеюі бұл тақырыптың өзектілігін арттырып отыр. Терең күйзеліс, жалғыздық, әлеуметтік және отбасылық қиындықтар – осындай қайғылы қадамға итермелейтін басты факторлар. Кейде бар болғаны бір ғана жылы сөз – адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін. Күн сайын мыңдаған бала мазақтың, қорлықтың, қысымның құрбанына айналады. Бірі мектепке барудан қорқады, бірі үнсіз жылайды, ал енді бірі өзімен күресуден шаршаған. Буллинг – жай ғана қатал қалжың емес, бұл адамның сағын сындырып, болашағына көлеңке түсіретін ауыр соққы. Бала үшін мектеп қауіпсіз орта болуы керек, алайда кейде ол ең үлкен қорқынышқа айналады. Бұл тізбек қашан үзілмек? Жетісу облысы бұл мәселемен қалай күресіп жатыр? Бүгін осыны талқылаймыз...
Былтыр балалар арасында 20 қылмыстық әрекет болған. Оның 9-ы колледж студенттері, 9-ы мектеп оқушылары, 2-еуі кешкі мектептің оқушылары болды. Нақталып айтсақ, тізімде №2, №7, №9, №12, №14, №15, №16, №27 және кешкі ауысымды білім мекемелері бар. Облыс орталығында суицидтік 5 әрекет тіркелді, оның бірі өкінішке қарай аяқталған. Бұл Достық жекеменшік мектебінде болды. 4 оқушы суицидке ұмтылған. Оның 1-еуі колледж студенті, 2-еуі оқушы, тағы бірі өзге ел азаматшасы, еш жерде оқымайды. Білім басқармасы тарапынан біріңғай тәрбие жоспары, зорлық-зомбылық, жыныстық тиіспеушіліктің, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттердің алдын алу кешенді жоспарлары бекітілген. Соған сай жұмыстар жүріп жатыр. Зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою алгоритмі, "Қауіпсіз мектеп. Қауіпсіз орта", "Сәтті қадам" жобалары, "КИВА" антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асуда, - дейді қалалық білім бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері Ұлжанат Жақыпбаева.
Білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы жалпы білім беру ұйымдарында 35 790 оқушының 8 605-і көпбалалы отбасынан, 3 904-і аз қамтылған отбасынан. Сондай-ақ 5 708-і толық емес, яки ата-анасының біреyi қайтыс болған, ажырасқан отбасынан. Оған қоса 708-і өгей әкемен, 95-і өгей анамен тұрады. 0-6 жасқа дейін 5 қыз, 13 ұл; 6-12 жасқа дейін 160 қыз, 180 ұл; 12-18 жасқа дейін 214 қыз, 248 ұл тіркелген. 226-сы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасылардың, 16 600-і толық отбасының балалары саналады. Талдықорған қаласы бойынша профилактикалық есепте – 9, мектепішілік есепте – 126. 21-сі сәтсіз отбасы, онда 29 оқушы бар. Оның 16-сы ұл, 13-і қыз бала.
Бізге ҰБТ жақындаған сайын жан-жақты қысым күшейетін секілді. Мұны мен өзім қатарлы балалардан көп байқаймын. Айналамдағының бәрі жоғары балл жинауым керек екенін айтады. Әрине бәрі жақсы оқу орнына түскісі келеді. Кейде өзінің мүмкіндіктеріне күмәнданады, егер тесттен өте алмаса, өмірі басқа арнаға бұрылып кететіндей күйге түседі. Осы қорқынышты оқушылар ешкімге көрсетпейді. Мысалы, мен де әлсіздік танытқым келмейді. Сол үшін кейде достарым өздерін күштірек көрсетуге тырысады. Тесттен кейін жағдайы қалай боларын оқушы да, ата-ана да айта алмайды. Төмен балл жинаса, ұят секілді көрінеді. Бұл қоғамның қысы секілді. Мәселен, менің ата-анам ол жайлы айтқан емес. Маған өзімнің армандарым қызық, - дейді 11-сынып оқушысы Нұрбек Ерболұлы.
Өкінішке қарай, түлектер күйзеліске көбірек түседі. Тіпті 9, 10-сынып оқушылары да үнемі депресиялық күйде жүретіні байқалады. Мұны психологтар да жасырмайды.
Балалар буллингке не үшін барады?
2024-2025 оқу жылында Біріңғай тәрбие жоспарында 34 сынып сағаты, 44 сыныптан тыс іс-шара, апта сайын өткізілетін жеке қауіпсіздік сабақтары, мемлекеттік мүдделі органдармен және ата-аналармен бірлесіп өткізілетін жұмыстар жоспарланған. Сонымен қатар, "Еңбегі адал жас өрен", "Қамқор", "Шабыт", "Ұшқыр ой алаңы", "Балалар кітапханасы", "Startбала" жобалары қолға алынған. Бүгінде қалада 1546 сынып жетекшісі қыркүйек-ақпан аралығында 2600-ден астам сынып сағатын өткізген. Әр сынып сағатының алғашқы 10 минуты балалар қауіпсізді тақырыбына арналған екен. Әрине, мұның бәрі ағымдағы жұмыс ретінде бағаланса да, бала санасына сәуле құяры анық.
Сыныптан тыс уақытта мемлекеттік мүдделі органдармен бірлескен 120 іс-шара өткізілді. Нашақорлықтың алдын алу бойынша 76 шара өтту, оған 13255 оқушы қамтылды. Ата-аналармен ынтымақтасты күшейту мақсатында 27 мектеп ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс жүргізеді. Оқу жылы басынан 189 сабақ болған. Қатысқан ата-ана саны – 27 931. Нақтылап айтсақ, бастауыштан 16 223, орта сыныптан 9 708, жоғары сыныптан 2 000 ата-ана қамтылды. Мәселен, 1-4 сынып оқушыларының ата-аналарына "Сапалы ұйқы балалардың дамуы мен денсаулығының іргетасы", "Дұрыс тамақтану әдет ғұрпын құру", "Назар аударуды дамыту", "Отбасылық келісімнің кепілі сенімді қарым-қатынас", "Баланы өзінің және басқа адамдардың сезімін түсінуге үйрету тәртібі", 5-9 сынып оқушыларының ата-аналарына "Жасөспірімдердегі ұйқы", "Оқуға жене мінез-құлыққа әсері", "Жадыны дамыту", Бүлдіретін сыртқы әсерлерге балалардың қарсы тұруы, Жасөспірімнің түсінік алу және қабылдау тәртібі, Балалар қауіпсіздігі, 10-11 сынып оқушыларының ата-аналарына "Жасөспірімнің ұйқысы мен психикалық денсаулығы", "Тамақ ішу", "Өмір бойы оқыту неге? қалай?", "Тұлғаның қалыптасуы тәуелсіздікке құқық", "Ата-аналардың эмоциялық күйреуі оны қалай болдырмауға және жеңуге болады?" тақырыптары бойынша сабақтар өтті, - дейді Әдет-құқық жөніндегі менторлық кеңсе басшысы Дәулет Сағынай.
Оның айтуынша, "Ата-аналарды педагогикалық қолдау" орталықтары жанынан "Аталар мектебі", "Әжелер мектебі", "Әкелер мектебі", "Аналар мектебі" жобалары іске асырылып, 173 іс-шара өткізілген. Оған қоса, "Отбасы FEST" фестивалі, "Адалдық адамдықтың белгісі" тренинг, "Атадан-өсиет, анадан қасиет" тақырыбында ұлдар кездесуі, "Әкеңнің теріне сенбе, еткен еңбегіне сен" тақырыптарында әкелер сағаты, "Ананың аялы алақаны, әжемнің айтқан ертегісі", "Отбасындағы бір күн" челленджі ұйымдастырылған.
Мәселен, оқу жылы басынан ата-аналармен балалардың үйдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған сабақтар өткізіледі. Облыс көлемінде "Бала қауіпсіздігі басты назарда" тақырыбында семинарлар мен жиналыстар ұйымдастырылады. Оны шамамен 40 мыңға тарт ата-ана тыңдаған. Ата-аналарға "Балалар қауіпсіздігі – ата-ананың басты міндеті" тақырыбында ақпараттық парақшалар мен жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Барлық 27 білім беру ұйымдарында балаларға арналған қауіпсіздік бұрыштары ұйымдастырылған.
Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында бақылау шаралары күшейтілді. Орта білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен, күзет ұйымдарының күшімен күзетпен, дабыл түймелерімен, турникеттер, металлодетекторлармен жабдықталған. Жалпы орта білім беру ұйымдарының 7-11 сынып оқушылары арасында суицид, буллинг, лудомания, жыныстық тиіспеушілікті анықтау мақсатында психологиялық орталық мамандары онлайн/офлайн диагностикалық сауалнамалар жүргізді. Диагностикалық сауалнамаға 6 792 оқушы қатысты. Алғашқы сауалнама қортындысы бойынша 115 оқушы суицидке бейімділікті, 26 оқушы буллингке ұшыраған, 19 оқушы лудаманияға бейімділікті, 184 бала зорлық-зомбылыққа, яғни физикалық, психологиялық, қаржылық, жыныстық қысымға ұшырағандығы анықталды. Қайта алынған сауалнама нәтижесі бойынша 26 оқушы суицидке бейім, 26 оқушы буллингке ұшыраған, 2 оқушы лудаманияға бейім, 14 бала зорлық-зомбылыққа ұшырағандығы анықталды, - дейді әдіскер Ұлжанат Жақыпбаева.
Ойы оғаш оқушылардың санасына жігер сыйлау, психологиялық қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама, бірыңғай жоспар жасалған. Бүгінде оны өңірдеге білім беру ұйымдары қолданып келеді. Ата-аналармен де жұмысты күшейту шаралары іске асуда.
Кейде біз баламыздың өміріндегі ең маңызды нәрсе – оның жетістігі деп ойлап, соған басымдық береміз. Оның күнделікті қандай күйде жүретінін, неге уайымдайтынын, қандай қорқыныштары барын сұрауға уақыт таппай жатамыз. "Жақсы оқы, жоғары балл жина, болашағыңды ойла" деген сөздерді жиі айтамыз, бірақ оның ішкі жан-дүниесін естуге тырысамыз ба? Өкінішке қарай, кейде бала өз уайымдарын ішіне жинап, оны сыртқа агрессия арқылы шығаруы мүмкін. Егер ол өзгелерге өктемдік көрсетіп, буллингке барса, бұл оның жан айқайының бір көрінісі болуы да мүмкін. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – баламен жиі ашық сөйлесіп, оның сезімдерін түсінуге тырысу. Оны сынамай, керісінше, қолдау көрсету. Бала өзін ата-анасы түсініп, әрқашан жанынан табылатынын білсе, ол агрессияға емес, мейірімге бейім болады, - дейді ата-ана Мерейлім Бейсенбай.
Қараңыз, психологиялық қолдау бөлімінің мамандары қала бойынша 98 консультация өткізген. Оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылармен 49, ата-аналармен 16, педагогтармен 8 бетпе-бет кеңестер ұйымдастырылған. Мұнда суицид әрекеті, селфхарм, депрессиялық жағдай, мазасыздықтың жоғары деңгейі сараланған. Жалпы 38 топтық консультация болған.
Кәмелетке толмағандармен жане оларға қатысты қылмыстық әрекеттердің өсуі Талдықорған қаласында жоғары деңгейді көрсеткендіктен, басқарма басшысының бекітуімен Талдықорған қаласындағы мектептерде тәрбие саласын жүйелендіру қадамдық іс шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы қадағалауға алынған. Облыстық жедел топ мүшелері тарапынан Мектептерде құзырлы органдарының қатысуымен шаралар ұйымдастырылып, тәрбие жұмысындағы қиын балалармен жұмыстарына зерделеу әдістемелік көмек көрсетілді. Қаладағы барлық мектептерде өзін-өзі басқару ұйымы 5-10 сыныптың әр сыныбына енгізіліп, сыныптағы барлық балалар фракцияларға тартылды. Мектептерде әкелер жиналыстары, ата-анар онкүндігі өткізілуде, - дейді облысдық ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Махмұтов.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Менторлар пайда бар ма?
Көпке белгілі облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың бастамасымен «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды. Биыл жобаға 2 жыл толады. Осы күні Талдықорған қаласында – 31, Панфилов ауданында – 37, Текеліде – 7, Алакөлде – 6, Ақсуда – 3, Ескелдіде – 5, Кербұлақта – 4, Көксуда – 4, Қараталда – 6, Сарқанда –5 ментор еңбек етеді. Оған қосымша 11 үйлестіруші жұмысқа кіріскен. Алайда нәтиже айтарлықтай емес. Себебі сала мамандарының айтуыншы, мектептегі психологтың жұмысы да соған саяды. Оның үстіне, суицид, буллинг мәселелері әлі өзекті болып отыр. Тіпті өңірдегі көрсеткіштер жоғары.
Менторлық жобасы енгізілгеннен бері мектептерде орын алған оқиғаларға салыстырмалы талдау жүргізетін болсақ, 2023-2024 жыл бойынша Талдықорған қаласының мектептерінде қыркүйек-наурыз айларында тек облыс орталығында 50 оқиға тіркелген. Мысалы оқушылар мен ата-аналар арасында жанжал – 7, сәтсіз отбасы – 3, құқық бұзушылық – 16, мектеп мұғалімі және оқушы арасында жанжал – 2, буллинг – 16, кибербуллинг – 1, жыныстық қол сұғылмаушылық – 2, суицид – 3 болған. 2024 – 2025ж. қыркүйек-наурыз айларында Талдықорған – 34 тіркеліп отыр. Менторлар өз қызметін атқара отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық бойынша 12 оқиғаны, буллинг бойынша 2 оқиғаны, кибербуллинг бойынша 2 оқиғаны, суицид бойынша 3 оқиғаны анықтады, - дейді әдет-құқық жөніндегі менторлық кеңсе басшысы Дәулет Сағынай.
Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, Талдықорған қаласы мен Панфилов аудандарында оқушылар арасындағы келеңсіз жағдайлар көп. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар салу қажет. Менторлардың кәсіби біліктілігін арттыру, оларға құқықтық және психологиялық даярлық курстарын ұйымдастыру, мектеп әкімшілігімен және ата-аналармен өзара байланысын нығайту күн тәртібінде тұрған түйткіл. Оған қоса облыстық білім басқармасы тарапынан қойылған шектеулерді қайта қарау арқылы жобаның тиімділігін арттыру маңызды.
Жаңа оқу жылы басталысымен 26 998 оқушының қатысуымен 108 ментор 621 презентация жасады. Талдықорған – 93 презентацияға 3785 оқушы Панфилов – 155 презентацияға 11 613 оқушы, Текелі қаласы – 102 презентацияға 2433 оқушы, Кербұлақ ауданы – 44 презентацияға 834 оқушы, Ескелді ауданы – 28 презентацияға 730 оқушы, Алакөл ауданы – 36 презентацияға 1316 оқушы, Сарқан ауданы – 65 презентацияға 1485 оқушы, Қаратал ауданы – 24 презентацияға 1969 оқушы, Көксу ауданы – 23 презентацияға 1700 оқушы, Ақсу ауданы – 51 презентацияға 1133 оқушы тартқан. Вице-министр, депутат, прокурор, дінтанушы және т.б. шақырылған қонақтар, басшылар, тәжірибелі мамандар 21 986 оқушының қатысуымен 333 қонақ дәріс өткізді, - дейді сала мамандары.
Өңірдегі мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне арнап полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес, Жергілікті полиция қызметі, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармалары, Денсаулық сақтау басқармасының Алғашқы медициналық-cанитарлық көмекті үйлестіру және қоғамдық денсаулық, әйелдер кеңесі бөлімдері, психикалық денсаулық орталығы, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, «Қарызсыз қоғам» тәжірибелі мамандарының шақыртылуымен кәсіптік білім беру, құқық бұзушылықтың алдын алу, жеке гигиена, жыныстық қолсұғылмаушылық және басқа да бағыттар бойынша 118 мектепте 635 дәріс өткізілген. Оған 50 мыңға тарта оқушы қатысқан.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында облыс орталығында оқитын 147 оқушы Алматы қаласының 6 ЖОО-на профориентациялық мақсатпен экскурсияға барды. Олар СДУ, ҚБТУ, Нархоз, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Асфендияров ат. ҚазҰМУ, Абай ат. ҚазҰПУ секілді жоғары оқу орындарын аралап, алдағы уақытта сол білім ордаларында оқуға түсуді қалайтынын жеткізген.