Талдықорғанда көпбалалы аналарға арналған үйлердің сапасы сын көтермейді

20 Қыркүйек 2023, 14:04
864
Бөлісу:
Талдықорғанда көпбалалы аналарға арналған үйлердің сапасы сын көтермейді
Фото: egemen.kz

Талдықорғандағы көпбалалы ата-аналарға салынған коттедж қалашығының құрылысы сын көтермейді. Тіпті, жауапты мамандар жарты млрдтан астам теңгені үнемдеп қалған, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылған

Ел ішіндегі қайғылы оқиғадан кейін, Үкімет көпбалалы ата-аналарға барынша көмектесуді тапсырған еді. Осы ретте Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың кезінде көпбалалы отбасыларға арнап қала сыртынан коттедж қалашық салған еді. Облыс екіге бөлініп, қалашық Жетісуға тиесілі болған шақта өңірлік прокуратура өкілдері сол көпқабатты үйлердің астында шикілік жатқанын анықтаған. Яки өңірде мыңға таяу баспана заңсыз беріліп, пәтер кезегі заңсыз алға жылдыған. Соның салдарынан 2 мыңға жуық тұрғынның кезегі бұзылып, жүйе толығымен ретсіз қаланған. Нағыз мұқтаж жандар далада қалып, таныс-тамыр тапқандар оңай олжаға ие болған.

Осы үйлер салына бастағанда жауапты мамандар бізге осы жерден пәтер аласыңдар деген еді. Бірақ, құрылыс біткенде біздің кезегіміз төмен түсіп кеткенін байқадым. Қала әкіміне хат та жаздық, арнайы ұйымдарға да бардық, бірақ құжат реті солай болды деген жауаптан басқа түк бітіре алмадық. Кейін бұл баспаналардың таныс арқылы алдын ала шешіліп кеткенін естіп, таңғалдым,- дейді көпбалалы ана Зәуреш Ескендірқызы.

Өткен айда облыстың бас прокуроры Мадияр Басшыбаев ақпарат өкілдерімен кездескен де осы мәселе бойынша тексеру жұмыстары жүргізілгенін алға тартқан еді. Тіпті, сырты көз сүйіндірген зәулім нысандардың сапасы сын көтермейтінін де айтқан.

Кейбір баспаналар қағаз жүзінде сапалы болғанымен, нақты іс жүзінде жағдайы мүшкіл. Прокуратура өкілдері 230 үйдің сапасына тексеріс жүргізіп, жарты миллиардтан астам теңгенің құрылысы орындалмағанын анықтады, - деген еді Мадияр Басшыбаев.

Бүгінде облыс прокуратурасы Талдықорған әкімдігімен бірлесіп 750 пәтерді заңдастырып, 1400 адамды кезекке қайта қойылған. Оның үстіне электронды кезек те жолға қойылып, көпжылғы мәселенін шешімін табудың жаңа жолы қарастырылған. Өкінішке қарай, осы іске қатысы бар 3 әкімдіктің лауазымды тұлғасы мен техникалық қадағалауды жүзеге асырушы 2 маманның қамауға алынған.

Мемлекет мүлкін талан-таражға салған

Баспана мәселесіне үңілсеңіз, жемқорлықтың нағыз қазанына бас сұғасыз. Оның басында лауазымды қызметкерлердің тұрғаны да жасырын емес. Қазір облыста мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу және сыбайлас жемқорлық әрекеті де азаймай тұр. Мәселен, құзырлы орган қызметкерлері 16,5 млрд теңгені қолды қылуға ұмтылғандарға қатысты 5 қылмыстық іс қозғап, осы іске қатысты 15 тұлға құқық қорғаушылардың құрығына түскен. Тіпті, соңғы мәліметерге сүйенсек, 420 млн теңгені қонышына тыққан 5 тұлға құрықталып, 2 қылмыстық іс қозғалған. Облыстық прокуратураның белсене араласқанының нәтижесінде 2 жүз млн астам қаржы мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Қазір, осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

Пәтер мәселесі Жетісудың дертіне айналып отыр. Кезек күткен мүмкіндігі шектеулі жандар мен сонынан баласын ерткен қазақ әйелдері өте көп. Қала шап-шағын, қаншама үй тұрғызылып жатыр. Қарасаңыз, байлар не мемлекеттік лауазымды қызметте отырған тұлғалар 3-4 тен баспана алып алған. Бұл біздің қалада ғана емес, ел бойынша да асқынып тұрған мәселе. 10-15 жылдап тұрғандар енді үй алып жатыр. Ойлап отырсаңыз, масқара ғой,-  дейді қоғам белсендісі Назым Отаубаева.

Шынында, соңғы уақытта өңірде үйге қатысты мәселелер желдей гулеп кетті. Заңсыз берілген үйлер, оны заңдастыра алмай дал болған адамдар, кезегі жоғалған ата-аналар, баспанасына тіркеле алмай жүрген тұрғындар осының бәрі Алматы облысынан қалған күрмеуі қиын мәселеге айналып тұр. Мың заңсыз пәтердің басым көпшілігі заңдастырылған, яки 541 – пәтер иесіне рәсімделсе, қалғаны мемлекеттік органдар балансына берілген.

300-дей пәтерге қатысты құжаттар сотқа жолданды. Пәтерлерді заңсыз үлестіру бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Оған жауапты тұлғалар да тексеріс үстінде. Мыңнан астам кезек ретке келіп, шын мұқтаж жандардың жайына мән берілді. Алдағы уақытта заңсыз үй алған жандардың құжаты толық шешіледі. Бәрі ретке келеді деген ойдамыз, - дейді жауапты мамандар.

Қазір, өңірде осы пәтерге қатысты жайттар анда-мұнда бой көтеріп тұрады. Себебі, облыс әкімдігі шама бар тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Өткен былықты 1 жылда ретке келтіру мүмкін емес. Оған кінәлі тұлғаларда қазір мұнда жоқ. Сондықтан халықтың Жаңа Қазақстанға сенуден басқа амалы жоқ.

Өзгелердің жаңалығы