Оқыс оқиға 27 қазанда Талдықорғанда болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зардап шеккен Адина Хуанбекқызы Кrisp.tdk Instagram парақшасында оқиғаның мән-жайын айтып берді. Сөзінше, оған шабуыл жасаған адам - оның бұрынғы жігіті. Видеода барлық дәлел тұрса да, полицейлер оған қатысты "бұзақылық" дерегі бойынша іс қозғап, бостандыққа жібере салған.
2023 жылдың 27 қазанында Талдықорған қаласында менің бұрынғы жігітім маған шабуыл жасап, мойнымды пышақтады. Жедел жәрдем қызметі келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қалалық көпбейінді ауруханаға алып кетті. Менің тамағымды тікті. Бір жарым сағаттай жансақтау бөлімінде жаттым. Сосын мені дәлізге шығарды. Онда тағы бір сағаттай жаттым. Кейіннен полицейлер бөлімшеге алып кетіп, жағдайымның ауырлығына қарамастан, аяғына тұра алмай тұрған адамды сұрақ астына алды. Шабуыл жасаған адам бір күн бойы жасырынып жүрді. Сосын ұсталып, екі күнге қамалды. ҚР ҚК 293-бабы бойынша істі қозғап, оны қоя берді. Ал видеода адамның өміріне қасақана зиян тигізгені анық көрініп тұр. Оны анасы мен қарындасы жасырып келді. 2 қарашада анам полиция бөлімшесіне қайта барып, не себепті оны босатқанын сұрады. Тергеуші оны қамап ұстауға негіз жоқ екенін түсіндірген. Анам оған қарсы шыққанда тергеуші мен оны осы іске итермелегенімді айтқан. Бұл ретте шабуыл жасаған адаммен бір аулада тұратынымды айта кеткен жөн, - деді жәбірленуші.
Бүгін Талдықорған полицейлері қызға кеңсе пышағымен шабуыл жасаған күдіктіні ұстағанын мәлім етті. Енді аталған қылмыс облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауына алынды.
Жәбірленушінің 35 жастағы танысы казір полицияға жеткізілді. Тергеуші істі ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қайта дәрежелеп, прокурормен келісілді. Тергеуді облыстық полиция департаменті ерекше бақылауға алды, - делінген хабарламада.