Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолы толық аяқталады

23 Қыркүйек 2022, 21:46
1806
Бөлісу:
Талдықорған – Қалбатау – Өскемен  жолы толық аяқталады

Жетісу облысы аумағынан өтетін Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының қалған 15 шақырымындағы асфальт төсеу қазан аяғының соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көпір салу жұмыстары да бітуге жақын. Жалпы нысан келесі жылы толығымен іске қосылады. Жыл соңына дейін Үшарал – Достық жолына асфальт салу да аяқталуы тиіс. Бұл туралы Алакөл ауданы тұрғындарымен болған кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.

Республикалық маңыздағы трассаны жаңғырту жұмыстарының ұзаққа созылуынан жергілікті тұрғындар да, жолаушылар да қиындық көрді. Бұған қоса туризмді дамытуға тежеу болды, яғни жалпы өңір экономикасына да, халықтың тұрмыс сапасына да әсер етіп отыр деген сөз. Жалпы жыл басынан бері 33 шақырымда жұмыстар аяқталуы тиіс еді, соның 18 шақырымына асфальт төселген. Енді қалған шақырымын қазанның соңына дейін бітіру міндетін қойып отырмыз. Жол жиегін абаттандыру, сол сияқты жобаның басқа да қалған ұсақ-түйек жұмыстарын келесі жылы аяқтаймыз. Қазір бізге ең маңыздысы жолды ашып, көліктердің қозғалысына жағдай жасау, - деді Б.Исабаев.

«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, қалған учаскелер Алакөл, Сарқан, Ақсу, Ескелді аудандарының аумағынан өтеді. Сол сияқты Жансүгіров, Сағабүйен, Қабанбай, Көлбай ауылдарындағы 4 көпірді бітіру керек. Егер ауа райы бұзылып кетпесе, жоспарланған жұмыс ауқымы белгіленген мерзімге дейін аяқталуы тиіс. Негізінен көпірді қыста да сала беруге болады. 

Ауданда туризмді дамытудағы тағы бір маңызды мәселе – Ақши мен Көктұма ауылдарында жаз маусымында электр энергиясы жетіспейді, жарық жиі өшеді. Осы проблеманы шешу мақсатында биылғы жылы Ақши ауылында 67 шақырымнан асатын электр тарату желісінің құрылысы жобасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген, жобаның жалпы құны – 688 млн. теңге. Аяқталу мерзімі – 2023 жылғы ақпан. Сол сияқты «Ақши» жаңа қосалқы стансысын салу мен Бескөл, Ақши ауылдарына электр тарату желілерін  тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 111 млн. теңге бөлінді, жалпы құны – 123,5 млн. теңге. Жұмыстар 2023 жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланып отыр. 

 Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жағаны бекіту мен жағалаудағы кәріз тазарту жүйесінің құрылысы да әлі күнге өзекті болып отыр. Жосықсыз мердігер жобаны жарты жолда қалдырған. Осыған байланысты қазір жұмыс тоқтап тұр, сот процестері жүріп жатыр. Сондай-ақ жергілікті жерлерде мұндай жағдайдың қалыптасу себептерін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылатын болады. 

Тағы бір атап өтерлігі, осы жылдың тамыз айында Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, Астана, Алматы, Талдықорған бағыттарындағы әуе қатынасы қайта жанданды. 

Жаз кезінде Алакөл жағалауындағы демалысты тиімді ұйымдастыру үшін Астана мен Алматы қалаларынан, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан 10 рейс пойыз қатынады. Алдағы уақытта өңір тұрғындары ұшақпен де, пойызбен де жыл бойы үздіксіз жүре алады.  

Жалпы көл жағалауында туризмнің 288 нысаны орналасқан, соның 165-і – қонақ үй, 3-еуі – сауықтыру лагері, 44-і – демалыс үйі, 64-і демалыс базасы. Осылардың 10-ы биылғы жылы іске қосылды. Олардың жобалық құны 1,4 млрд. теңге, 67 жұмыс орны құрылған, 1290 орындық нөмір қоры бар. Жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөл жағалауында 1,5 млн. адам демалған (2021 ж. – 1,3 млн. адам).

Өзгелердің жаңалығы