Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі қазақтардың жоңғар әскерін жеңген Орбұлақ шайқасының 376 жылдығына арналған мерекелік шара өтіп жатыр.
Мерекелік шара аясында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылып жатыр.
Ұйымдастырушылар бұл шараның жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге, бахадүр бабаларымыздың ерлігін, өнегесін өсиет етуге үлес қосатынын айтады.
“Біз батырлардың шайқасын кинодан немесе театрландырылған көріністен тамашалап жүрміз, алайда бүгін батырлардың шынайы соғысын көз алдымызға елестетіп тұрып көрсететін болады. Алғаш рет бұл шара 2015 жылы өткізілді. Араға төрт жыл салып Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында өткізіп отырмыз”,-дейді Алматы облысы “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсе директорының орынбасары Рүстем Қанапиянов.
Мерекелік шара аясында сондай-ақ бауырсақ пісіруден рекорд орнатылмақ. Бұған дейін елімізде 1,3 тонна бауырсақ әзірленсе, бүгінгі шарада 2 тонна бауырсақ пісірілмек.
Сонымен қатар, қолөнершілердің көрмесі, қазіргі заманғы қарулардың көрмесі, қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық спорт ойындары өткізіліп жатыр.
Кештің басты қойылымы ол Орбұлақ шайқасының көрінсі болмақ. Оған 600-ден астам әскери қызметкер мен жүзден астам каскадерлер, актерлер қатысады.
Мерекелік шараға қазақ ұлттық киімі мен батырдың кимін киіп келген қала тұрғындарына сыйлықтар тағайындалған және қымыз, бауырсақ, пицца тегін беріліп жатыр.
Ұйымдастырушылар бұны ұлттық киімді дәріптеу үшін жасалып отырғанын айтады.
Орбұлақ шайқасы-қазақ-жоңғар соғысы барысындағы шайқас, онда Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр бастаған қазақтар 1643 жылы Эрдэни-Батурдың жоғары әскерін жеңген.