Қалалық әкімдік орталық көшелерге қоғамдық дәретхана орнату үшін 30 млн теңгеге жуық қаражат бөлген. Әйтсе де қыруар ақшаға келген әжетхананың алды бүлініп жатыр, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметіне сүйенсек, ашық конкурсқа 5 компания қатысып, «Kosem LTD» серіктестігі жеңімпаз атанған. Яғни, 26 млн 656 мың теңгеге 5 әжетхана орнатуды компания өз мойындарына алған. Сонда әрбір әжетхана 5 млн 300 мың теңге шамасында деген сөз. Жалпы, дүңгіршекке ұқсайтын су жаңа модулді дәретханалардың артықшылығы көп, 3 бөлмеден тұрады. Іші әжетті өтеуге қажетті дүниемен толтырылған.
Қала тұрғындары «кішкентай қоғамдық дәретхананың қалаға қанша қажеттілігі бар?» деген сауал қоюда. Оған себеп, орталық көшелерге орнатылған жаңа нысанды бұзақылар бүлдіріп жатыр. Бұған дейін Талдықорғанда смарт аялдамалар орнатылып, артынан сол кездегі облыс басшысы Амандық Баталов бұл әрекетінің қате екенін жеткізген-ді. Бүгінде смарт аялдамалар қирап, қаланың ел жүрмейтін шеткі көшелеріне жайғасқан. Ол да миллиондаған қаржыны босқа жерге шашқандай әсерде қалдырған. Сондықтан қала халқының бұл уайымы орынды.
Түнгі уақытта есіктерін күштеп сындырып кеткен. Камерадан көрдік. Сындырған адамдарды полиция іздеп табатын болады. Кейбір жерде сапасының төмендігі, уақытша сынған жерлері байқалады. Мысалы унитазды көрдіңіздер. Ол кісілер канализацияны қосқан кезде бәрін шешу керек болды да, сол себепті олар босап тұр. Қосқан кезде халықтың қолданысына жағдай жасап беру үшін біз мердігер мекемені міндеттейміз, - дейді қала әкімінң баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов.
Жалпы бұл заманауи дәретханалар сән үшін емес, халықтың игілігі үшін салынғаны анық. Қоғамдық дәретхана қоғам қажеттілігінен туындайды. Десе де, осыншама ақша келіп тұрып, көпке шыдамасы бұл әкімдіктің мойнына міндеттелетін мәселе болуы керек.
Арбаттағы әжетхана жабық тұр. Мұны елдің игілігіне бермесе неге орнатты?! Біз таңда серуендеуге шығамыз, жасымыз 70-тен асты. Ұлы сөзде ұят жоқ, үйге жетіп үлгере алмайсың, сондықтан осындай әжетханаларды маңайлап жүреміз. Таңертең кемпіріміз екеуіміз қыдырып шығып, айналадан отырар қоғамдық әжетхана таппадық, - дейді Аменгелді ақсақал.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қоғамдық дәретхананың есігі әрдайым ашық болады, әрі тегін қызмет көрсетілмек. Тазалығын бақылауды арнайы мекеме іске асырады. Ол үшін де тендер жарияланған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда бұл мақсатқа 4 млн 600 мың теңге шамасында қаржы бөлінген. Яғни, конкурстан жеңіп шыққан мекеме қаладағы 5 әжетхананы бір жыл бойы күтіп-ұстауы шарт..