Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрайымы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін мемлекетіміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Астана қаласының аймақтық тестілеу орталығының негізінде алғашқы 200-дей бала ҰБТ тапсырады. Жалпы мемлекетіміз бойынша бүгін 27 тестілеу орталығында 4500-ге жуық бала ҰБТ тапсырады. Бұл талапкерлер үшін жаңа нәрсе емес. Қыста да, көктемде де негізгі ҰБТ-ны тапсырды, қорытындылары жаман емес, - деді ол.

Гүлзат Көбенова биыл бөлінген гранттың саны мен шекті балл жөнінде де ақпарат берді.
Биыл былтырғыдай жоспарланған 77 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Барлық бағыттар сақталды. Шекті балдарда да былтырғы жылмен салыстырғанда өзгеріс жоқ. ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін 50 балдан жоғары болу керек. Ал ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 75 балдан жоғары жинау керек. Оған қоса, қазіргі ережелер бойынша әрбір жоғары оқу орны осы шекті балдан жоғары балдарды да қоюы мүмкін, - деді комитет төрайымы.
Сондықтан ол талапкерлерге түсетін жоғары оқу орнының шекті балын қарауды ұсынды.
Астана қаласындағы тестілеу орталығынан ҰБТ-ны алғашқылардың бірі болып тапсырып шыққан талапкер Радмила Жилыкина нәтижесіне риза екенін айтты.
.jpeg)
Менің тесттен тез шықққан себебім 2 пәнді, оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихын ғана тапсырдым. Өйткені шығармашылық бағытқа тапсырамын. Барлығы тыныш өтті, сұрақтар қиын болған жоқ. 30 балдан 21 жинадым. Маған бұл жеткілікті. Сондықтан нәтижеме ризамын, - деді ол.