Талапкерлер педагогикалық, инженерлік және ІТ-мамандықтарды таңдап жатыр

17 Шілде 2022, 09:09
2650
Бөлісу:
Талапкерлер педагогикалық, инженерлік және ІТ-мамандықтарды таңдап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқуға түскісі келетін талапкерлердің жартысынан көбі педагогикалық ғылымдар, инженерлік бағыт, өңдеу және құрылыс саласын, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бойынша білім беру бағдарламаларын таңдайды екен.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау басталғаннан бері үш күннің ішінде қазақстандық жоғары оқу орындары талапкерлерден 41 859 өтініш қабылдап, өңдеуден өткізді. Осы уақыт аралығында 11 мыңнан астам өтініш педагогикалық ғылымдарға, инженерлік, өңдеу және құрылыс бағытына – 7,6 мың және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына – 5,4 мың өтініш келіп түсті.

Шамамен 11 мыңға жуық талапкер балл санының тең түсуіне байланысты ерекше құқықтарға ие болды.

Олар: «Алтын белгі» иегерлері, олимпиада жеңімпаздары мен оқу үздіктері.

Ал 15,5 мыңнан астам адам жеңілдігі бар талапкерлер санатына енгізілді. Олар: жетім балалар, мүгедектер, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері және т.б.

2022 жылғы талапкерлер арасында келесі үздік үштікте өнер бағыты мен гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға – 3,8 мың, денсаулық сақтау – 2,8 мың, бизнес, басқару және құқық – 2,6 мың, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпараттану саласына – 2,3 мың өтініш қабылданды.

Үш күннің ішінде ең аз өтініш қабылданған салалар: ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 490 және ветеринарияға – 224 өтініш қабылданды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің Call-орталығында 150 өтініш қаралып, өңдеуден өтті. Байланыс тел.: 8 (7172) 741670, 742284, 742525, 741739.

Ұлттық тестілеу орталығы әлеуметтік желілер арқылы 2 221 талапкерге кеңес беріп, Call-орталықта 594 өтінішке жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы