- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Такси жүргізушілеріне қандай талап қойылады және агрегаторлар нені тексеруі керек?
Такси жүргізушілеріне қандай талап қойылады және агрегаторлар нені тексеруі керек?
2026 жылдың сегіз айында жолаушылар тасымалы саласында 1 380-нен астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 28,7 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
2 Қазан 2026, 10:11
22 қыркүйекте Үкімет отырысында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және такси қызметін реттеу мәселесі көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов агрегаторларға жүргізушілерді іріктеу талаптарын күшейтуді, жүргізуші куәлігінен айырылған және жол ережесін жиі бұзатын адамдарды такси жұмысына қабылдамауды тапсырды. Сонымен қатар жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Қазір такси жүргізушілеріне қандай талап қойылған, агрегаторлар нені тексеруі керек және Үкімет тапсырмасынан кейін қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.
Қазақстанда бүгінде жергілікті атқарушы органдардың тізілімдерінде 7 837 такси тасымалдаушы тіркелген. Ал агрегаторлар арқылы жұмыс істейтін жүргізушілердің нақты саны бойынша бірыңғай тізілім жүргізілмейді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстандағы такси қызметтерінен түскен кіріс 186,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылғы көрсеткішке қарағанда 17 есеге жоғары.
Такси қызметіне деген сұраныс та өскен. 2025 жылы ел бойынша 174,7 млн жолаушы такси пайдаланған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 138%-ға көп. Ал жолаушылар айналымы 3,2 млрд жолаушы-шақырымды құраған.
Көлік министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, такси қызметіне қойылатын негізгі талаптар «Автомобиль көлігі туралы» заңмен, «Жол жүрісі туралы» заңмен және жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларымен реттеледі.
Такси жүргізушісіне қандай талап қойылады?
Көлік министрлігінің мәліметінше, такси жүргізушісінің тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Жеңіл автомобильді басқару үшін «B» санаты қолданылады. Қолданыстағы талап бойынша бұл санаттағы көлікті басқаруға 18 жасқа толған азаматтар жіберіледі.
Такси жүргізушісі ең алдымен тиісті санаттағы жүргізуші куәлігіне ие болуы, жол жүрісі туралы заңнама талаптарына сәйкес көлік құралын басқаруға құқылы болуы және медициналық қарсы көрсетілімдері болмауы керек. Жеңіл автомобильді басқару үшін тиісті жағдайда «B» санаты қолданылады; қолданыстағы жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларында «B» санатына көлік құралын басқаруға 18 жасқа толған тұлғалар жіберілетіні көзделген, - деді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар такси тасымалдаушысы жүргізушіні рейс алдында және рейстен кейін медициналық тексеруден өткізуге міндетті. Көліктің өзі де рейс алдында техникалық тексеруден өтуі керек. Медициналық тексеруден өтпеген жүргізушіні көлік басқаруға жіберуге болмайды.
Такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимі де сақталуға тиіс. Бұл талапты қамтамасыз ету тасымалдаушыға жүктеледі.
Такси ретінде қандай көлікті пайдалануға болады?
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес такси ретінде сериялық өндірілетін жеңіл автомобиль пайдаланылуы керек. Көлікте кемінде төрт бүйір есік болуы тиіс.
Ал арнайы басқаруы бар және толықтай қолмен басқарылатын автомобильдерді такси ретінде пайдалануға болмайды. Оң жақ рульді көліктерді де такси ретінде пайдалануға жол берілмейді.
Таксидің төбесінде 500 метрге дейінгі қашықтықтан анық көрінетін «Т» (такси) жазуы және/немесе шашкалық белдеуі бар айырым белгісі болуы керек. Ол қараңғы уақытта жарықтандырылуға тиіс.
Ал салонда жолаушыға көрінетін жерде жүргізушінің фотосуреті, аты-жөні, тасымалдаушының ресми атауы, мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілуі қажет.
Агрегатордың жауапкершілігі қандай?
Такси нарығындағы маңызды өзгерістердің бірі – интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін жүргізушілерге қатысты арнайы тәртіптің енгізілуі.
Көлік министрлігінің жауабына сәйкес, интернет-платформа немесе платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасы арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғаларға заңның 26-бабындағы талаптар қолданылады. Бұл ретте инватаксиге қатысты талапты қоспағанда, заң талаптарының орындалуын бақылау ақпараттық-диспетчерлік такси қызметіне жүктелген.
Яғни агрегатордың рөлі тек жолаушы мен жүргізушіні байланыстырумен шектелмейді. Платформа арқылы жұмыс істейтін жүргізушінің заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуде ақпараттық-диспетчерлік қызметтің де жауапкершілігі бар.
Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов такси агрегаторларының платформаларын Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен интеграциялау мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезінде жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын адамдарға қатысты талаптарды күшейту қажет.
Таксиді кім бақылайды?
Мемлекеттік бақылауды Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті мен оның аумақтық инспекциялары жүзеге асырады. Бақылау тексеру, сондай-ақ көлікке барып және бармай профилактикалық бақылау түрінде жүргізіледі.
Жол үстінде такси тоқтатылған жағдайда көлік және жүргізуші құжаттары, қажетті хабарламалар мен рұқсаттардың болуы, жүргізушінің медициналық тексеруден өтуі, көліктің техникалық жағдайы және таксидің заң талаптарына сәйкестігі тексерілуі мүмкін.
Сегіз айда 1 380 әкімшілік іс қозғалған
Көлік министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, 2026 жылдың сегіз айында аумақтық көліктік бақылау инспекциялары 263 рейдтік іс-шара өткізген.
Оның барысында жолаушылар тасымалына қатысатын шамамен 2 134 көлік тексеріліп, 1 380-нен астам әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материал рәсімделген. Жалпы сомасы 28 млн 789 мың 763 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, 20 тамыз бен 1 қыркүйек аралығындағы рейдтер кезінде көліктік бақылау органдары жол полициясымен бірге жолаушылар тасымалына тартылған 464 көлікті тексерген. Нәтижесінде 318 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4 млн 781 мың 299 теңге айыппұл салынған.
Ал жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 571-бабы бойынша жеке тұлғаларға 5 АЕК-тен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері де өседі.
Осылайша, такси саласындағы жауапкершілік бірнеше деңгейге бөлінеді: жүргізуші көлік жүргізу талаптарына, тасымалдаушы көліктің техникалық және медициналық бақылауына, ал интернет-платформа арқылы жұмыс істейтін жүргізушілердің заң талаптарына сәйкестігін ұйымдастыруға ақпараттық-диспетчерлік қызмет жауап береді.
Үкімет тапсырмасынан кейін не өзгеруі мүмкін?
Премьер-министр такси агрегаторларын жүргізушілердің құқық бұзушылықтары туралы деректермен интеграциялау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге Көлік министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау жүктелді. Бұл талаптардың нормативтік құжаттарда нақты реттелуі тиіс екені айтылды.
Көлік министрлігінің бұған дейінгі жауабына сәйкес, 2026 жылғы 17 сәуірдегі №28 бұйрықпен такси қызметін бастағаны туралы хабарлама берген кезде тасымалдаушылар автокөліктің өзекті саны мен деректерін көрсетуге міндеттелді.
Яғни қазіргі кезеңде мәселе екі бағытта қаралып отыр: қолданыстағы талаптардың сақталуын бақылауды күшейту және агрегаторлардың жүргізушілерді іріктеуіне қойылатын талаптарды нормативтік тұрғыда нақтылау.
Жанерке Жәкен