Такси жүргізушілері екі рет салық төлеп отыр ма? Министрлік "Яндекс" компаниясына қатысты түсініктеме берді

9 Қаңтар 2024, 17:19
517
Бөлісу:
Такси жүргізушілері екі рет салық төлеп отыр ма? Министрлік "Яндекс" компаниясына қатысты түсініктеме берді
Фото: - архив

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов "Яндекс" компаниясына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БАҚ өкілі "Яндекс. Такси" өзі салық төлей ме? Себебі "Яндекс. Такси" таксистерден 24 пайыз салық ұстайды. Қазір көптеген такси жүргізушілердің аударымдары айына 100-ден артық болады. Сонда өзінің табысынан екі мәрте айырылып отыр деген сөз емес пе?" деп сұрақ қойды вице-министрге.

Біржанов бүгінгі таңда "Яндекс" компаниясы елімізде салық тіркеуші ретінде тіркелгенін, көп жылдан бері салық төлеп келе жатқанын айтады.

Біз тек қана "Яндексті" емес, басқа да компанияларды қадағалап, мониторинг жасап отырмыз. БАҚ-та жүрген 24 пайыз деген сөз дұрыс емес. Біз оны қадағалап отырмыз. Бұл жерде олар тек қана өзінің комиссиясы бойынша салық салуға табысты көрсетеді. Сондықтан өздерінің табысы бойынша олар құн салығын төлейді. Ал қалған сома бойынша таксистер өздері көрсетуі тиіс, – деді Ержан Біржанов.

Ол салықты бәрі бірдей төлемейтінін атап өтті.

Салық төлеуші тіркеуде тұруын және заңды сақтау тұрғысынан айтып отырмыз. Барлығы бірдей салық төлемейді. Ал салық – біздің болашағымыз және қорымыз. Әлеуметтік шығындардың бәрін төлеуіміз керек. Бұл жерде базардағы азаматтарды бөлек салықтан босату деген сұрақты көтеріп жатқамыз жоқ. Бір жердегі салық төлеушілерді босатсақ, екінші жердегі салық төлеушілерді босатпаймыз. Бұл дұрыс емес. Бәріміз бірдей тең алаңда жұмыс істеуіміз қажет. Заңды сақтауға тиіс– деді Қаржы министрінің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы