«Такс фри» пилоттық жобасына Шымкент қаласы қосылды

1 Шілде 2023, 21:03
545
Бөлісу:
«Такс фри» пилоттық жобасына Шымкент қаласы қосылды
Фото: Арман Мухатов - архив

«Такс фри» пилоттық жобасы 2024 жылдың соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік кірістер комитеті туризмді дамыту мақсатында тауарларды ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде туристерге (шет мемлекеттердің азаматтарына) ҚҚС сомасын өтеуді көздейтін «такс фри» пилоттық жобасын іске асыруда. Бұл ретте шетелдіктің алып бара жатқан тауарының сатып алу құны 20 айлық есептік көрсеткіштен асуы керек (ҚР ҚМ 2019 ж. 13 тамыздағы № 871 бұйрығы).

Премьер-министр орынбасарының – Қаржы министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 710 бұйрығымен пилоттық жобаны іске асыру мерзімі 2023 жылғы 30 маусымнан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Енді пилоттық жоба Шымкент қаласында да жүзеге асады.

Өзгерістер енгізілгенге дейін пилоттық жобаны іске асыру мерзімі биылғы жылдың 30 маусымында шектелген және Астана, Алматы және Түркістан қалаларында орналасқан сауда субъектілеріне қолданылды. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32935 болып тіркелді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, - делінген комитет таратқан ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы