Таиландта визасыз жүру мерзімі қысқарады: жаңа ережелер 15 қыркүйекте күшіне енеді

Таиланд билігі жаңа тізім бекітті. Оған 60 мемлекет пен аумақ кірген. Осы елдердің азаматтары туристік мақсатпен Таиландта 30 күнге дейін визасыз бола алады.

 pixabay 1 Қыркүйек 2026, 05:53
1 Қыркүйек 2026, 05:53
152
Фото: pixabay

Таиланд шетел азаматтарының елде болу тәртібін өзгертпек. 15 қыркүйектен бастап визасыз келетін туристердің ел аумағында болу мерзімі 60 күннен 30 күнге дейін қысқарады.

Жаңа талаптарға сәйкес, 2024 жылғы 15 шілдеде қабылданған, 93 ел мен аумақ азаматтарына туристік және қысқа мерзімді іскерлік сапарлар кезінде 60 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік берген бұрынғы ереже күшін жояды.

Таиланд билігі оның орнына жаңа тізім бекітті. Оған 60 мемлекет пен аумақ кірген. Осы елдердің азаматтары туристік мақсатпен Таиландта 30 күнге дейін визасыз бола алады.

Сонымен бірге визаны елге келген кезде рәсімдеу мүмкіндігі де айтарлықтай қысқарады. Жаңа тәртіп бойынша визаны келгеннен кейін алу құқығы үш елдің азаматтарына ғана беріледі. Олар — Әзербайжан, Беларусь және Сербия.

Қазіргі қолданыстағы ережелер бойынша мұндай мүмкіндік 31 ел мен аумақтың азаматтарына берілген.

Таиланд билігі визалық саясаттағы өзгерістерді елге келетін шетелдіктердің қозғалысын реттеу және көші-қон тәртібін бақылауды күшейту шараларымен байланыстырып отыр.

Жаңа талаптар 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді. Осы күннен кейін Таиландқа сапар жоспарлаған шетел азаматтарына елге кіру шарттарын алдын ала тексеріп, қажетті құжаттарды рәсімдеу қажет болады.

Наверх