Таиланд Сыртқы істер министрлігі Камбоджамен арадағы шиеленістің ушығуына байланысты дипломатиялық қарым-қатынасты төмендететінін және қажет болған жағдайда өзін-өзі қорғау шараларын күшейтуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Таиландтың Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Егер Камбоджа Таиландтың егемендігін бұзатын қарулы шабуылдарын жалғастыра берсе, Таиланд Корольдігінің үкіметі халықаралық құқық нормаларына сәйкес қорғаныс шараларын күшейтуге мәжбүр болады, – делінген хабарламада.
Бангкок билігі Пномпеньдегі елшісін кері шақырғанын және Камбоджа тарапын да осыған ұқсас жауап беруге шақырғанын хабарлады.
Таиланд Камбоджаны шекара маңындағы аумаққа жаяу әскерге қарсы миналар орнатты, әскери база мен бейбіт нысандарға соққы жасады деп айыптап отыр. Бұл әрекеттердің салдарынан бейбіт тұрғындар да зардап шеккен. Таиланд дипломаттары Камбоджаның бұл қадамдарын "жақсы көршілік қағидаларына қайшы" және "елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретін" әрекеттер деп бағалады.
Қанды қақтығыс 28 мамыр күні таңертең екі ел шекарасындағы даулы аймақта – Таиландтың Убонратчатхани және Камбоджаның Преа Вихеар провинциялары арасында орын алған. Қарулы қақтығыс он минутқа созылып, нәтижесінде бір камбоджалық әскери қызметкер мен бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты.