Тағы өзгеріс болады: Жұмысшылар мен жұмыс берушілер нені білуі керек?

Қазақстанда 2026 жылғы тамыз айында Еңбек кодексіне кезең-кезеңімен өзгерістер енгізіледі. Түзетулер 4, 13 және 25 тамызда күшіне енеді.

7 Тамыз 2026, 12:45
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 7 Тамыз 2026, 12:45
7 Тамыз 2026, 12:45
120
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жаңа нормалар қызметкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек шарттарын жасасу мен тоқтату тәртібін нақтылауға, еңбек қауіпсіздігін жетілдіруге, кадрлық процестерді цифрландыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды күшейтуге және киберқауіпсіздік міндеттерін енгізуге бағытталған.

4 тамыздан бастап қандай өзгерістер күшіне енеді?

Қызметкерлердің құқықтары кеңейтіледі

Еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарына қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау енгізіледі.

Сонымен қатар қызметкердің жеке өміріне қол сұғылмау құқығы заңмен бекітіледі.

Жұмысқа қабылдаудан бас тарту себебі түсіндіріледі

Егер азамат еңбек шартын жасасу кезінде заңмен кепілдік берілген санатқа жатса, жұмыс беруші оның талап етуі бойынша жұмысқа қабылдаудан бас тарту себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті болады.

Мерзімді еңбек шартына қатысты өзгеріс

Егер мерзімді еңбек шартының соңғы жұмыс күні қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздығы немесе әлеуметтік демалысы кезеңіне сәйкес келсе, еңбек шарты еңбекке жарамсыздық немесе демалыс аяқталғаннан кейінгі күні тоқтатылады.

Еңбек жағдайының өзгеруі туралы хабарлама

Жұмыс беруші еңбек жағдайлары өзгергені туралы қызметкерге қағаз түрінде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электрондық құжат арқылы хабарлауы тиіс.

Маусымдық жұмысшылар

Маусымдық жұмыстарды орындау үшін жасалған еңбек шарттарына негізгі қызметкердің жұмысқа шығуына байланысты еңбек шартын тоқтату нормасы қолданылмайды.

Материалдық жауапты қызметкерлерді жұмыстан шығару тәртібі

Материалдық жауапты қызметкер мүлік пен құжаттарды толық тапсырмаған жағдайда еңбек шарты қабылдау-тапсыру рәсімі аяқталған күні тоқтатылады.

Бұл ретте жұмыс беруші хабарлама мерзімі ішінде мүлік пен құжаттарды тапсыруды ұйымдастыруға міндетті.

Тәртіптік жаза қолдану

Тәртіптік жаза тағайындау кезінде жұмыс беруші:

  • құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын;
  • оның жасалу жағдайларын;
  • қызметкердің кінәсін мойындау деңгейін ескеруге міндетті.

Медициналық тексерулер

Заңнамаға немесе ұжымдық шартқа сәйкес міндетті медициналық тексеруден өтетін қызметкерлердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады.

Сондай-ақ ауысым алдындағы міндетті медициналық куәландырудан өту уақыты орташа жалақы негізінде төленеді.

Еңбек қауіпсіздігі

Жұмыс берушілер өндірістегі ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар, көлік құралдары және басқа да еңбек құралдарын қолданыстағы еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіруге міндетті.

Сонымен қатар Еңбек кодексіне еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспектор туралы жаңа бап енгізіледі. Ол өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға, ақпарат сұратуға, өндірістік жазатайым оқиғаларды тексеруге және еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы болады.

Айта кетейік, қызметкерлерге скринингтік тексеруден өту үшін демалыс беру нормасы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

13 тамыздан бастап не өзгереді?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар күшейтіледі

Бұрын мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік функцияларды орындаған азаматтардың коммерциялық ұйымдардағы басқарушылық қызметтерге орналасуына қойылатын шектеулер нақтыланады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың бірқатар лауазымдарға орналасуына тыйым салынады.

Кадрлық процестер цифрландырылады

Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері кадрлық құжаттарды цифрлық кадрлық жүйеде жүргізуге міндетті болады.

Жүйеде қызметкердің жұмысқа қабылдануы, еңбек қызметі, көтермелеу, тәртіптік жауапкершілік және еңбек қатынастарының тоқтатылуына қатысты мәліметтер сақталады.

Ал қызметкердің жұбайы мен жақын туыстары туралы жекелеген мәліметтерді енгізуге қатысты талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

25 тамыздан бастап киберқауіпсіздік талаптары енгізіледі

25 тамыздан бастап қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі талаптарымен қатар киберқауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті болады.

Өз кезегінде жұмыс берушілер:

  • қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарымен таныстыруға;
  • олардың сақталуына ішкі бақылау жүргізуге міндеттеледі.

Жұмыс берушілер нені ескеруі керек?

Тамыз айында күшіне енетін өзгерістерге байланысты жұмыс берушілерге:

  • еңбек шарттарын жасау және тоқтату рәсімдерін;
  • материалдық жауапты қызметкерлерді жұмыстан шығару тәртібін;
  • тәртіптік жауапкершілікке қатысты ішкі құжаттарды;
  • медициналық тексерулер мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты құжаттарды;
  • киберқауіпсіздік жөніндегі ішкі талаптарды қайта қарау ұсынылады.

Ал мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар мен цифрлық кадрлық жүйені енгізуге байланысты өзгерістерді де ескеруі қажет.

Материал ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер және оларды түсіндіретін «Параграф» ақпараттық жүйесінің талдауы негізінде әзірленді.

Наверх