«Табысты отбасы» жобасының түлектері өз ісін ашуға жабдық алды

«Табысты отбасы» жобасының түлектері өз ісін ашуға жабдық алды
420

Бүгін Ұлытау облысының «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының алғашқы түлектері сұранысқа ие кәсіптерін бастауға қажетті ноутбуктер, тігін машиналары, пештер, миксерлер, кушеткалар, мультимарок сканері секілді қажетті заттарға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, өңірлік еншілес компаниялар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері және қоғам қайраткерлері қатысты.  

Бұл жоба облыс жұртшылығы үшін өте маңызды. «Табысты отбасы» жобасының түлектері тәлімгерлер мен жаттықтырушылардан білім мен дағдылар түрінде үлкен қолдау, сондай-ақ өз ісін бастау үшін жабдықтар жиынтығын алды. Жоба түлектері оның тиімділігін қаржылық жетістіктерімен дәлелдейтініне сенімдімін, - деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Бұл көп балалы аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне және аз қамтылған отбасыларға тікелей ақша табуға нақты мүмкіндік беретін жоба. Ал әрбір қатысушыға 150 АЕК сомасына жабдықты өтеусіз беру – өз ісін ашқысы келетіндерге қосымша және елеусіз қолдау, - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Серғожа Қалиасқаров.

Ұлытау облысының тұрғыны Бекзат Нашкенова да жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Мен «SММ» бағыты бойынша бейіндік оқудан өттім. «Табысты отбасы» мен үшін өмірдегі жаңа кезең болғанын мойындағым келеді. Енді бір ай оқығаннан кейін мен өзіме сенімді бола бастадым, мақсатым бар. Ал біз бүгін алған жабдықтар жиынтығы маған отбасылық табысымды арттыруға мүмкіндік береді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына көп рахмет,- деді жоба түлегі, Ұлытау облысының тұрғыны Бекзат Нашкенова.

Бүгін Ұлытау облысы бойынша жабдықты 14 қатысушы  алады (SММ-6, кондитерлік ісі-2, тігін ісі-6). Қазір екінші  айында 26 қатысушы білім алуда. 

Естеріңізге сала кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының пилоты 2022 жылдың 1 желтоқсанында Абай, Жетісу, Ұлытау өңірлерінде, сондай-ақ республикасының Түркістан және Ақтөбе облыстарында басталды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асырылуда. 

Жоба халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жалғыз басты ата- аналар және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған. Бейіндік оқыту, тәлімгерлік қолдау, жеке тұлғалық даму және бизнес-дағдыларды дамыту бойынша тренингтерден басқа, қатысушы сабақтарға белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ол өз ісін бастау үшін қажетті инвентарь мен құрал-жабдықтарды тегін алады. 

 «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасын іске асыру кезендері туралы ақпарат БАҚ бетінде және @tabysty.otbasy жобасының инстаграм-парақшасында орналастырылады.       

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы