Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Бөлісу:
Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қуаңшылық жайлап, тозып бара жатқан жерімізді құтқарудың бір амалы – жұртшылықты инновациялық тәсілмен ағаш отырғызу. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі «Exclusive Fund» жеке қорының жетекшісі, экобелсенді Айдос Аманбаймен экология жөнінде сұхбатасқан еді. Экобелсенді «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағы – ауылдық жерлердегі тозған топырақты қайта қалпына келтірудің жаңа моделі» деп аталатын жоба жөнінде баяндап берді.

- Қазақ жерінің 95,5 пайызында ағаш жоқ. Орманды алқаптардың үлесі 4,5 пайыздай ғана. Осының себебін қалай түсіндіруге болады?

- Қазақстан аумағында ағаштың аздығы құрғақ климаттық жағдайға байланысты болса керек. Территориямыздың көбі шөлейтті дала ландшафтына жатады. Мұндай жерлерде ағаштар сирек өседі. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметінің де әсері болар, біршама жерлерді егіншілікке, астық алқаптарына беріп отырмыз. Бірақ мұның зардабын тартудамыз. Қазақстан климатын ондаған жылдар бойы зерттеген Франция мен Голландия ғалымдарының болжамына қарасақ, алдағы 30-40 жылда Қазақстан әлемдегі ең ыстық және құрғақ аймаққа айналуы мүмкін. CO₂ деңгейі күн өткен сайын көтеріліп, топырақ қабаты аса қатты қарқынмен тозып барады. Құрғақшылық пен қуаңшылықтың алдын алу үшін радикалды қадамдар жасап, даламыз бен экономикамызды «жасылдандырмасақ» жағдай қиындай береді дейді ғалымдар.

Айналамызда шашылып жатқан целлофан пакеттер мен пластик қалдықтары экологиялық проблема дегеннен гөрі, әкімшілік басқару жүйесінің осалдығы. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеуді жүйеге түсіріп, тәртіп пен заңды орнатса, бұл мәселе шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема – топырақтың тозуы, судың тартылуы, қуаңшылық пен құрғақшылық. Сол себепті топырақ көлеңкеге зәру. Ал біз оны тек жасыл желек, ағаш егіп қана реттей аламыз.

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Жаһандық жылыну процесінің өсімдіктер әлеміне, яғни ағаштарға, ормандарға кері әсері қандай деп ойлайсыз?

- Жаһандық жылыну деген — жердің бетіндегі орташа температураның артуы ғой. Соңғы жүз жылда температура шамамен 1°С-қа көтерілген. Салыстырып айтқанда, адам денесінің температурасы 1°С-қа көтерілсе, ағзада ылғал азайып, адам ауырып қалады. Сол сияқты ауа температурасы небары 1°С-қа артса, климатқа орасан зардабын тигізеді. Температураның көтерілуі ағаштардың өсуі мен дамуына сөзсіз кері әсер етеді. Өзімізде байқап жүрміз, қатты ыстықтарда көшеде тіпті бағдаршамдар еріп, көліктердің кузовтары балқып кетеді. Егер температура 46°С ұзақ сақталып тұратын болса онда ағаштардың бойындағы шырыны азайып, фотосинтез процесі тоқтайды. Ал фотосинтез тоқтаған жағдайда, ағаштар көмір қышқыл газы емес, кислородпен демалады. Бірнше жылдардан соң жер бетінде кислород таусылады деген ақпараттар көп шығып жатыр. Оның қаншалықты рас-өтірігін ғалымдар әлі де анықтай жатар. Қалай болғанда да экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілігі мен қарқындылығының салдары зиян көп. Өсімдіктер көктемде оянатын кезі, құстардың келетін уақыты мен жәндіктердің пайда болу сәттері бәрі біріне бірі сай келмей, экожүйелерде тепе-теңдік бұзылады, биоәртүрлілік азаяды. Табиғаттың миы ашып кетеді. Мысалы бір қасық топырақтағы тірі организмдердің саны жер бетіндіге адам санынан әлдеқайда көп. Осылайша күн ысыған сайын, жердің беткі қабатындағы микроорганизмдер жойыла бермек. Климаттың өзгеруімен бірге ағаштар мен ормандарға қауіп төндіретін жаңа зиянкестер мен аурулар пайда болуы ықтималдығы жоғары.

- Жаһандық жылыну салдарынан орманды алқаптарда өрттің көбеюі мүмкін бе? Елімізде болсын, әлемде болсын ормандардың жиі өртену себептер не деп ойлайсыз?

- Мұның ресми статистикасы бар. Табиғаттағы өрттердің 90% адамдардың кесірінен. Оны қасақана және абайсызда, білімсіздік пен жауапсыздықтан туындаған жағдайлар деп бөлуге болады. Қасақана жасалатын өрттердің себептері белгілі. Біріншіден коммерциялық мүдде, ағаштарды отап сатып пайда табу, ізін жасыру үшін соңынан өрт қойып жіберу. Екіншісі біреуге немесе елге қарасы, оның экономикасына, экологиясына әдейі зардап әкелу сияқты әрекеттер.
Ал білместіктен болатын өрттердің себепері өте көп қой. Қарапайым мысал «линза эффектісі». Табиғат аясында демалушылар өздерінен соң суы бар шыны шөлмектерді, бөтелкелелерді далада қалдырып кетеді. Мөлдір ыдыс пен сукүннің сәулесіне линза объективі сияқты эффект беріп, от тұтандырады. Ондай қауіпті жағдай үйде де, көлікте де болуы мүмкін. 

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Табиғи өрттің көпшілік білетін және біле бермейтін себептері бар: найзағай түсу, қураған жапырақ қалдықтары мен терек ұлпаларының бір жер жинақталып қалып, қызып бықсып өртенетін оқиғалары. Сондай-ақ, дауыл кезінде қураған ағаш бұтақтары желдің ырғағымен бірімен бірі үйкеліп-үйкеліп, егеліп-егеліп қызып, от тұтанады. Кейбір жыртқыш құстар от шоқтарын бір жерден бір жерге тасымалдап, өрт ошақтарын көбейтеді. Өрт қаулаған сайын аңдар жазыққа қашады, күйген-піскен дайын азық көбейеді. Өрт тоқтағаннан кейін де ініне тығылып аман қалған жануар-жәндіктерді көруге кеңстік ашылып, оңай олжаға кенеледі. Қысқасы ютюбтан арнайы іздеп не нетүрлі оқиғаларды көруге болады.

Негізі ормандардың өзін өзі өртеу циклдары болып тұрады екен. Орманды бактерия жаулағанда немесе тұқымдар ескіжапырақтардың қалыңығынан топыраққа жетпей, кәрі ағаштаржаңара алмаған жағдайларда, күн мен ауа дефицит жағдайларда, минералдар азайғанда ормандар жаңару мен қайта түлеуді табиғи процеспен жүзеге асырады екен. Өрттен соң орман алқабында ағаштың күлінен қаншама минералдар пайда болады. Сосын табиғатта кейбір ағаштың түрлері бар. Бірнеше градус ыстыққа шалдыққан жағдайда ғана тұқымдары бүршік жарады. Тың жерге егілген орман еккенен гөрі, бұрын орман болған жердің өсімдігі бірнше есе жылдам көтеріледі. 50-60 жылда толық қайта қалпына келеді екен. Десек те біз адамның кесірнен болатын өрттерді азайтуымыз керек. Қазақстандағы кейінгі орман өрттері «по расисанию» болып кеткен сияқты. Оның себептерін «тілсіз жау» деп айта алмаймыз. Өзі аз ғана ормандармен бірге, армандарымыз өртеніп жатқандай.

- «Қызыл орман: Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» жобаңыздың идеясы мен мақсаты осы мәселелерді қамтитын сияқты ғой.

Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында. Десек те, қалада үй салатын, ауылда мал жаятынжер жоқ. Жоғарыда айтқандай жеріміздің 95,5 пайызы жалаңаш, ағаш жоқ. Ал қалған 4,5 пайыз жерде өсетін ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қалаларымыз бен даламызда декоративті ағаштар өтесирек, ассортимент аз. 

Елімізде халық саны жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар мал шаруашылығы дамып, мал басы көбейіп жатыр, бір жаманы – жайылымдық жер тарылып, ахуал нашарлап барады. Жер жетіспегендіктен халықтың малы жыл бойы тек ауыл маңында жайыла беріп, топырақты тоздырып жіберген. Өсімдің тұқым шашып үлгермейді. Күн сайын бір жерге жайылған соң, малдың көңі де үйіле береді. Ол зиянкестерге таптырмас азық, яғни жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуіне қолайлы жағдай. Зиянкестермен қоректенетін тышқан, егеуқұйрық сияқты небір жабайы тіршілік иелері де ауыл маңын төңіректейді. Олардан тарайтын аурулар малмен бірге ауылға жетіп, мал өнімін тұтынатын жергілікті халықтың денсаулығына зардабын тигізіп жатыр. Бұл зиянды циклді тоқтатудың бірден-бір жолы – топырақтың құнарын қайта қалпына келтіру. Ал оның табиғи әрі төте жолы – көптеп ағаш отырғызу. Еліміздің символы жалаң дала емес, ормандар болуы керек! Бұл проблемаларды жергілікті халыққа да, экологияға да тікелей пайда әкелетін көпфунционалды, новаторлық идеямен шешпесе, мәселе созыла береді. 
Қуаңшылық жайлап, тозып бара жатқан жерімізді құтқарудың бір амалы – жұртшылықты инновациялық тәсілмен ағаш отырғызуға ынталандыру. Біз ұсынатын жобаның мәні – ерекше әрі әдемі, біртүсті ағаштардан монохромды саябақ жасап, халықтың қоршаған ортаға деген махаббатын ояту. Әдемі саябақпен қызықтыру, өсімдік егуді культке айналдыру. 

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Осы мақсатта БҰҰ ДБ жүзеге асыратын Ғаламдық экологиялық қордың Шағын гранттар бағдарламасы (ҒЭҚ ШГБ) қолдауымен «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағы – ауылдық жерлердегі тозған топырақты қайта қалпына келтірудің жаңа моделі» деп аталатын жоба басталды. Оны «Exclusive Fund» жеке қоры жүзеге асырады. Алматы облысының Талғар ауданында бой көтеретін «Қызыл орман» агро-экотуристік саябағының композициясы көктемнен күзге дейін қып-қызыл болып жайқалып тұратын қызылжапырақты ағаштар мен жапырағы күзде қызаратын ағаш-бұталардан және қызыл гүлдерден тұрады.

Біздің елде «Дубай саябағына» барғандай, ағаштардың саясында немесе гүлдермен мақтана суретке түсетін адамдар өте сирек. Жоба қызыл ағаштар мұражайы сынды елімізден және сырттан келетін туристерді тартып, өлкеміздің «визит картасына» айналмақ. Оған қоса, бақтағы ағаш-бұтаның барлығы ханымдарға құрмет ретінде қазақ қыздарының есімімен аталмақшы. Сонымен қатар қызыл жеміс беретін ағаштар аллеясын жасау да жоспарда тұр. Отырғызатын ағаштардың сұрпы мен түрлері елімізде алдын ала апробациядан өткен, аудандастырылған. Енді оларды кешенді түрде жүзеге аспақ. Белгілі сарапшылар мен ғалымдар, ландшафт мамандары жобаның идеясымен жақсы таныс және бірігіп жұмыс істеуге де мүдделі. Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министріне, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне таныстырылды. 

- Бұл жобадан жалпы қазақ ауылдарына келетін пайда қандай?

- Жобаның басты мақсаты – ауылдық аумақтардың бір гектар жеріндегі тозған топырақты қалпына келтіруге бағытталған «Бір ауыл. Бір гектар. Бір саябақ» атты қоғамдық-жекеменшік саябақтың типтік үлгісін жасау. Жоба аясында жекелеген азаматтарға, жергілікті қауымдастықтарға, қоғамдық ұйымдар мен компанияларға, ауыл мен аудан әкімдеріне осы модель насихатталады. Әрине, бұл барлық өңірде қызыл ағаштар егіп, бір идеяны қайталау деген сөз емес. Бір ауыл тек қана емен, енді бір ауыл қарағай ексе, тағы біреуі аққайың бағын немесе қарапайым бақ жасауы мүмкін. Қалай болғанда түпкі мүдде – ағаш отырғызу арқылы топырақ тозуының алдын алу, гүл өсіру мәдениетін, экологиялық сана мен дағды қалыптастыру. 

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әйткенмен елді мекендерде мұны жүзеге асыратын мамандар тапшы. Содан болар, кей сұрақтардың жауабын білмеген жұртшылық бұл бағытқа бара бермейді. Сондықтан біз бір гектар жерді өлшем ретінде алып, әр жердің климатына қарай қандай ағаштар егуге болады, ағаш сұрыптары мен түрлерін қайдан табу керек, оларды қалай күтіп-баптаймыз деген сұрақтарға жауап беріп, топырақ құнарын арттыру мен су үнемдеу технологияларын пайдалану реті, саябақтың сызбасы, жұмсалатын уақыт пен еңбек шығындары туралы дайын пакет жасамақпыз. 

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұл жоба жаңа технологияларды тәжірибеге енгізіп, тұрақты шаруашылық жүргізу әдістерін үйрету, ауылдық жерлерде жеке саябақ егу кәсібіне жол ашу, оны жаңа балама табыс көзіне айналдыру, экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді екенін түсіндіру мақсатында әртүрлі іс-шаралар жүргізуді көздейді. Алуан түрлі арт және әлеуметтік іс-шаралар, балаларға арналған шеберлік сабақтары, эко-дәрістер өткізілмек. Халыққа көп насихат жұмыстарын жүргізу керек. Елді көптеп ағаш отырғызуға, шақырғымыз келеді. Себебі біз санамызға ағаш отырғызбайынша, даламызға ағаш отырғызбаймыз!

Табиғаттағы өрттің 90%-ы адамдардың кесірінен – экобелсенді

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы