Тұңғыш президент күні қарсаңында кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы пәтер берілді

29 Қараша 2019, 23:33
5126
Бөлісу:
Тұңғыш президент күні қарсаңында кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы пәтер берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнін мерекелеу қарсаңында "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 419 пәтер берілді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Жалпы 419 пәтердің 250-і "Халықтың әлеуметтік осал топтары" санаты бойынша 84-і "Көпбалалы отбасы" санаты бойынша, 84-і "Жетім балалар" және біреуі "ҰОС мүгедектері мен қатысушылары" санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға бөлінген, - делінген хабарламада.

Берілген пәтерлер "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру аясында қала әкімдігінің тапсырысы бойынша салынған Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсекова көшесінің қиылысындағы жаңа көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде орналасқан.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй қоры 28 қазаннан 8 қарашаға дейін өзінің ресми интернет-ресурстарында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардан осы бағдарлама бойынша құжаттарды қабылдау басталғаны туралы хабарландыруды жариялады. Құжаттарды тапсырған азаматтардың арасында іріктеу кезекке қойылған күні мен отбасы құрамы бойынша жүргізілді. 

Елордада тұрғын үй алу кезегінде 47 532 адам тұр. Қазіргі уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартуда азаматтарды қолдау үшін шаралар кешені іске асырылуда.

2019 жылдың басынан бастап 729 пәтер берілді, оның 547-сі көппәтерлі тұрғын үй кешендерін алуға кезекте тұрғандарға беріледі. Ал оның ішінде:

- тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы 364 үй;

- 365 жалға берілетін тұрғын үй, оның ішінде 53-і «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына; 312 – қалалық «Берекелі баспана» сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша, оның ішінде 153 көпбалалы отбасына (159 - халықтың әлеуметтік осал топтарына) беріледі.

2019 жылдың соңына дейін 2 752 пәтер тапсыру жоспарланған, оның ішінде:

- 653 кредиттік тұрғын үй, оның ішінде 326 көппәтерлі тұрғын үй кешендерін алуға кезекте тұрғандарға;

- 2099 жалдамалы тұрғын үй, оның ішінде 616 көпбалалы отбасыларға және 1050 жұмыс істейтін жастарға табысталады.

Келесі жылы әлеуметтік тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі үш есеге дейін артатынын айта кеткен жөн. 

Тұрғын үйді өзі сатып алуға дайын, бірақ қаражатпен шектелген адамдар үшін жеңілдікті шарттармен тұрғын үй сатып алу бойынша іске асырылатын мемлекеттік бағдарламалар елеулі көмек көрсетеді.

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар санаты бойынша 9,1 млрд теңге сомасына 651 кредиттік қарыз берілді, оның ішінде 65 адам 1 млн теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификаттарын пайдаланды.

                                                              

 

Өзгелердің жаңалығы