Төтенше жағдайда ауыл шаруашылығы нысандары жер салығынан босатылады

21 Наурыз 2020, 16:20
2231
Бөлісу:
Төтенше жағдайда ауыл шаруашылығы нысандары жер салығынан босатылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығы нысандары жер салығынан және биологиялық активтерге салынатын қосымша құн салығынан босатылады.

Бұл туралы Аймақ коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Нұрбаев хабарлады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің басым бөлігі Шығыс Қазақстан аумағында өндіріледі. Аталмыш азық-түлік тауарлары бағасының жөнсіз өсіп кетпеуін бақылау үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы "Нұр Отан" партиясымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып күнделікті мониторинг жүргізуде. Қазіргі уақытта қордағы азық-түлік - ұн, бидай наны, сиыр еті, құс еті, күнбағыс майы сияқты өнімдерге деген тұрғындар сұранысын толықтай қамтамасыз етіліп отыр. Бұдан бөлек, апта сайын қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмыстары да мониторингталып отырады. Төтенше жағдайдың жариялануына орай, мұндай кәсіпорындардың барлығы қатаң санитарлық тазалық режиміне көшірілген. Сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмысын тоқтатпау үшін түрлі шаруашылық нысандарынан тәулігіне 218 тоннадан астам шикі сүт жиналады. Жергілікті ет өндіруші шаруашылықтар елді мекендердегі сауда орындарына 160 тонна сиыр етін жеткізуде. Осылайша тұрғындардың қажеттілігі 140 пайызға қамтамасыз етілуде, - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Нұрбаев.

Төтенше жағдайға байланысты Шығыс Қазақстанның елді мекендерінде апта сайын өткізілетін ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруға тыйым салынды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың азаюына, олардың бағасының жөнсіз өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы штаб құрылып, күнделікті мониторинг жүргізу қолға алынған.

Өкінішке қарай облыс аумағында күріш және қант сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері өндірілмейді. Дегенмен, қазіргі уақытта өңірдегі тұрақтандыру қорында қант жеткілікті мөлшерде қордаланған. Ал қалған жетіспейтін азық-түлік түрлерін көптеп сатып алып жатырмыз. Сауда нысандарында аталмыш тауар түрлері азайып, оған деген баға өсетін болса, тұрақтандыру қорындағы өнімдерді шығарып, бағаны реттейтін боламыз. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығы нысандары жер салығынан және биологиялық активтерге салынатын қосымша құн салығынан босатылады. Яғни, шетелден мал әкелетін шаруалар осыған дейін әкелінген төрт түлікке қосымша құн төлейтін болса, бұдан былай олар осы салықтан босатылады, - деп қосты басқарма басшысы.

 


Өзгелердің жаңалығы