Төтенше жағдай: Атыраулық тойханалар той иелеріне ақшасын қайтарып жатыр

17 Наурыз 2020, 15:06
2172
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Атыраулық тойханалар той иелеріне ақшасын қайтарып жатыр
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда тойхана иелері тойларын тоқтатып, тапсырыс берушілердің қаражатын қайтарып жатыр. Сондай-ақ, түнгі клубтар мен мейрамханалардың жұмысы тоқтатылады.

Оған қоса, ірі сауда нысандарының қызмет ету уақыты шектеледі және санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Біз барлық кәсіпкерлерге хабарлама мен хаттар жіберіп жатырмыз. Бұл біріншіден халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Жиын, тойға 50 адамнан артық адам жиналмауы қажет. Тойханалардың жұмысын 22.00-ден дейін тоқтатуы керек. Сонымен қатар, супермаркеттер, азық-түлік дүкендері жабылмайды. Тиісті кесте бойынша жұмыс жасайды. Дәріханалардың жұмысына да шектеу жоқ. Тек қана уақыттарына өзгерістер енді. Яғни қалада азық-түлік дүкендер, супермаркеттер 10.00-ден 18.00-ге дейін, ал киім –кешек сататын сауда орындары сағат 11.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс жасайтын болады, - деді Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.

Кәсіпкер Бауыржан Жолмұханов мұндай қиын сәтте ауызбіршілік пен сабырлық танытып, атқарушы билікке қолдау көрсетуіміз қажет дейді.

Біз тойхана, фитнес залдарын, бассейндерді бәрін жауып жатырмыз. Тапсырыс берген халықтың қаржысын кейін қайтарудамыз. Бұдан үлкен шығынға ұшыраймыз. Алайда кәсіпкерлер бұл сәтте сабырлық, шыдамдылық танытуымыз қажет.Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға міндеттіміз. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау жасалып жатыр. Сондықтан әр адамның қауіпсіздігі үшін тәртіпке бағынуымыз қажет, - дейді кәсіпкер Бауыржан Жолмұханов.
Қаладағы Салтанат сарайында өтетін 8 той тоқтаған. Нысанның әкімшісінің айтуынша, жұмысты толық тоқтатып, қызметкерлерді демалысқа жібермек.

Біз үшін тойларды тоқтату үлкен шығын, өйткені жалға алып отырмыз.Одан бөлек салықтарымыз да бар. Дегенмен барлығын уақыт көрсетеді. Тапсырыс беріп қойған атыраулықтардың ақшасын кейін қайтарып жатырмыз. Жұмысшыларымызды демалысқа жіберуді ұйымдастырудамыз, - дейді кәсіпкер Өміргүл Майлыбаева.
Сонымен қатар, Атырау облысы саяхат жасау бойынша еліміздегі үшінші орындағы аймақ. Оған қоса іскерлік сапарлар бойынша алдыңғы орында екен. Дегенмен Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшыларының айтуынша барлық туристердің сапары кейінге шегерілсе, кейбірінің қаражаты қайтарылып жатыр.
Өзгелердің жаңалығы