Төтенше жағдай: Сексенге тарта азамат арнайы әскери жиынға шақырылды

18 Сәуір 2020, 10:40
2006
Бөлісу:
Төтенше жағдай: Сексенге тарта азамат арнайы әскери жиынға шақырылды

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында қазіргі қалыптасқан төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақырту шаралары басталды. Құзырлы органдардың талдау жұмыстарынан соң, өңірден 78 азамат әскери комиссариатқа шақырылды.

Мамандардың айтуынша, олардың қатарында запастағы офицерлер де, әскери борышын өтеген азаматтар да бар. Олар алдағы уақытта жергілікті қорғаныс мекемелері тарапынан берілген тапсырмаларды абыроймен орындауға ниетті.  

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қорғаныс бригадасының командирі, подполковник Әлжан Хамзиннің сөзіне қарағанда, әлгі әскери міндеттілердің қатарына енген 78 азаматтың 24-і Тараз қаласынан шақырылған. Мұндай жұмыстар аудандарда да жалғасып жатқандықтан, Сарысудан – 20, Жуалыдан – 14, ал Қордай ауданынан запастағы 20 жауынгер арнайы жиынға тартылған.

Жергілікті әскери басқару органдары арқылы шақырылған осы әскери міндеттілерге артылатын жүк ауқымды. Өйткені кезінде запастағы жауынгер ретінде әртүрлі салада еңбек еткендер қазір әскери қызметші мәртебесіне ие болып отыр, – деп атап өтті ол.

Әлжан Зейнелғабитұлы, сонымен қатар бұл міндеттен босатылғандарды да айтты. Олар қорғаныс, тәртіпті қамтамасыз етумен айналысатын мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер мен авиациялық персонал, егін науқаны кезінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер, мұғалімдер, күндізгі бөлімде білім алатын студенттер, кәмелетке толмаған үштен көп баласы барлар, тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқан тұлғалар, Парламент және жергілікті атқару органдарының депутаттары екен.

Жиынға қырық жасқа дейінгі азаматтарды шақыру көзделсе де, аумақтық қорғаныс бригадасының қатарына барынша жас сарбаздар іріктеліп алыныпты. Олардың әскери мамандығы да ескерілген. Мәселен, сапқа алынғандардың дені атқыштар қатарын қызмет етсе, 7-еуі денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Тағы осынша жауынгер азаматтық борышын химиялық және биологиялық қорғау әскерлері бөлімшелерінде өтегендер.

Президент Жарлығына сәйкес әскери міндеттілердің қатарына алынған Тараз қаласының тұрғыны Жасұлан Әбдіжанов ел басына күн туған қиын шақта өз еркімен ерге тән қызмет етуді жөн көрген.

Әскерде болғанымда радиациялық, химия-биологиялық взводта қызмет еткен болатынмын. Онда химик-дегазатор маманы болдым. Сонда екі жыл қатарынан тәжірибе жинап, бұл саланың қыр-сырын біршама меңгергенім бар. Сондықтан да өңірдегі әскери комиссариатқа өз еркіммен келіп, осындай қиын-қыстау шақта халыққа қызмет етуді өзіме борыш санадым. Негізі жеке кәсіпкерлікпен айналысамын, сән салоным бар. Қазіргі ахуалға байланысты қызмет көрсету орталығымды жаба тұруға тура келді, – дейді ол.

Әскери міндеттілердің бірі Бекнұр Шәріпқазы Тараз қаласындағы Жұмағалиевтің урология және жаңа технологиялар орталығында дәрігер болып қызмет ететінін айтты.             

Мамандығым – анестезиолог. Азаматтық борышымды Төтенше жағдайлар комитетінің полкінде өтеген болатынмын. Онда сантарлық инструктор қызметін атқардым. Запастағы әскери қызметкер болғандықтан, қазіргі әскери міндеттілердің қатарына шақырылуыма байланысты жинаған тәжірибемді кәдеге жаратуға шешім қабылдадым. Әскери басшылық қандай бұйрық шығарып, жұмыс тапсырса да, елімнің амандығы үшін қызмет етуге әзірмін, – дейді Бекнұр Байғабылұлы.

Жергілікті комиссариат өкілдері арнайы жиынға шақырылғандар өз міндеттерін бір ай бойы атқаратынын мәлімдеді. Олар күнделікті сағат 9:00-ден бастап, 18:00-ге дейін жүктелген тапсырмалар негізінде жұмыс істеп, қалған уақытта үйлерінде болады. Таңғы, түскі және кешкі астары мемлекет қаржысы есебінен қарастырылған. Ал әскери міндеттілердің жұмыс орны сақталып, жалақысы төлене бермек. Жұмыссыз болса, Үкімет оларға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі еңбекақы тағайындайды.

Жауынгерлер енді облыс аумағында зарарсыздандыру шараларын жүргізіп, блок-бекеттерді нығайту мен патрульдік қызметті күшейтуге жұмылдырылады. Тиісті мерзім аяқталғанда, яғни 14 мамыр күні әскери міндеттілер үйлеріне қайтарылады. Егер арнайы әскери жиын мерзімі ұзартылатын болса, ол аймақ басшысының арнайы қаулысы негізінде жүзеге асады, - деп атап өтті подполковник Әлжан Хамзин.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 2-сәуірі күні ел Президенті, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының ел аумағында таралуына байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдаған жамбылдықтар ел игілігіне бағытталған бұл істен шет қалған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қарулы Күштердің Бас штабымен келісілген қаулысы негізінде нақты шаралар әлі де жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы