Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында ветеринариялық іс-шараларды 160 ветеринариялық пункті бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын атқарса, оларда арнайы орта және жоғарғы білімді 844 маман жұмыс істейді екен.
Бұл жайында өңірдегі әкімдіктің Ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанатбек Қартабаевтан білдік. Оның айтуынша, жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті 14 түрлі ауруына қарсы вакцина егіліп, 2 ауру түріне байланысты аллергиялық тексеру жүргізілген. Сонымен қатар, мал арасынан 25 түрлі жұқпалы ауруды анықтау бойынша диагностикалық іс-шара ұйымдастырылыпты.
Қажетті барлық ветеринариялық препараттар алынып, аудандардағы уақытша сақтау орындарына жеткізілді. Ол ветеринариялық кәсіпорындарда тиісті талаптарға сәйкес келетін препараттарды уақытша сақтау қоймалары бар. Ал ауылдық округтерде препараттар тоңазытқыштарда сақталады. Аудан орталығынан ауылдық округтерге вакциналар термошабадандармен тасымалданады. Диагностикалық зерттеулерге жүргізілген талдау нәтижелері малдар арасында созылмалы бруцеллез ауруына шалдығу жылдан жылға төмендеп келе жатқандығын көрсетті, - деп атап өтті Қанатбек Қадырұлы.Оның сөзіне қарағанда, бруцеллезге шалдыққан жануарлар дер кезінде оқшауланып, уақтылы санитарлық союға жіберіледі екен. Содан соң мемлекеттік ветеринариялық дәрігердің қадағалауымен өңдеу орындарына жөнелтіледі.
Жауапты маман Жамбыл облысы аумағында энзоотиялық ауруларға қарсы күресті жүргізуге 220 млн 561 мың теңге бөлінгенін де айтты. Ол қаражатқа мүйізді ірі қара малының тейлериоз ауруына, жылқының сақауына және ауыл шаруашылығы малдарының сальмонеллез (қылау) ауруына қарсы егілетін екпелері алынып, алдын алу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Аймақта 10 мал сою пункті, 50 мал сою алаңы, 3 ет өңдеу комбинаты және 1 құс өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Облыс бойынша мал өлекселерін залалсыздандыратын 41 биотермиялық шұңқыр және мал өлекселерін өртейтін 16 стационарлы, 5 жылжымалы инсинератор іске қосылған, - деген Қанатбек Қартабаев ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары туралы да әңгімеледі.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорында тіркелген мүйізді ірі қара саны 507 627 бас, ұсақ мал 3 347 124 бас, түйе 6 924 бас, жылқы 131 339 басты құрайды екен. Биылғы 1 қаңтар мен 1 маусым аралығында деректер қорына барлығы 63 199 бас мүйізді ірі қара, 576 942 бас қой-ешкі, 5 424 бас жылқы, 575 бас бота енгізілген. Сонымен бірге, Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы аясында 38 699 бас ауыл шаруашылығы жануары, оның ішінде 6 428 бас жылқы, 6 987 бас мүйізді ірі қара, 25 284 бас ұсақ мал сатып алынып, бірдейлендіру базасына тіркеліпті.
Басқарма басшысы міндетін атқарушының сөзінше, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орын тепкен Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандары аумағындағы ауылдарда індеттің алдын алу шаралары жыл сайын жүйелі жүргізіледі екен.
Жергілікті әкімдіктің алқа отырысында осы аурудың эпизоотиялық және эпидемиологиялық жағдайы қаралып, арнайы қаулымен атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіледі.
Кенеге қарсы жұмыстар жыл басындағы жоспарға сәйкес және табиғи ортадағы кененің белсенділігіне қарай көктем мезгілінде екі кезеңде, күз мезгілінде бір рет қолға алынады. Биыл өңірде 49 ауылдық аймақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті қазынадан кешенді іс-шараларды өткізуге арналған кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға 78 млн 484 мың теңге қаражат бөлінді. Малдар мен мал қораларды дезинфекциялық дәрілеу жұмыстарын жүргізу үшін 57 млн 270 мың теңге қаралды. Қазіргі кезде көктемгі бірінші кезеңнің жұмыстары эндемиялық аудандарда толық аяқталды. Нәтижесінде, көлемі 4 403 610 шаршы метр болатын 16 228 қора-жай және көлемі 232 089 шаршы метр болатын 273 буферлік аймақ залалсыздандырылып, барлығы 556 448 бас ауыл шаруашылығы жануары кенеге қарсы дәріленді, - деді Қанатбек Қадырұлы.
Енді көктемгі екінші кезеңінің жұмыстары басталып жатыр екен. Бүгіннің өзінде көлемі 1 624 275 шаршы метр болатын 5278 қора-жай және көлемі 221 126 шаршы метр болатын 245 буферлік аймақ залалсыздандырылып, барлығы 252 315 бас ауыл шаруашылығы жануары кенеге қарсы дәріленіпті, жұмыстар жалғасуда. Жауапты маман атқарылатын іс-шаралар малдар мен қора-жайларды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын, қолайсыз елді мекендердің айналасына санитарлық-қорғау аймақтарын құруды қамтитынын жеткізді. Табиғи ошақтағы эпизоотиялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты жағдайда ұстап, ауру деңгейін төмендету шараларын жүргізуде ветеринария және медицина, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлерімен бірге тұрғындар да өз үлестерін қосу арқылы оң септігін тигізіп жатқан көрінеді.
Айта кетерлігі, өңірдегі мекемелер тарапынан тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сондықтан Жамбыл облысында ветеринарлық жағдай бір қалыпты және тұрақты бақылауда деп айтуға негіз бар.