Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмі Түркияның Малатья қаласында қарашаның 15 мен 19 аралығында өтетін 9 Халықаралық Malatya кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетіледі.
Сонымен қатар бұл фестивальде Адай Әбілдиновтың "Күлтегін" толықметражды анимациялық фильмі ұсынылатын болады.
Бұл туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген.
"Томирис" фильмінің өндірісіне Sataifilm компаниясы қатысты. Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмі біздің заманымызға дейінгі VI
ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.
Ал "Күлтегін" тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік
қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы туралы баяндайды.
Халықаралық Malatya кинофестивалі Түркияның Мәдениет министрлігі және Малатья қаласының басшылығы қолдауымен ұйымдастырылған.
Мәдени іс-шараның мақсаты - әлемнің кәсіби киногерлерін бір алаңда жинау. Биыл фестиваль барысында негізі және конкурстан тыс бағдарламалардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, шеберлік сағаттар өткізіледі.