Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында полицейлер 600-ге жуық тұрғынды қабылдады. Бұл туралы Рolisia.kz сайты хабарлады.
Ай сайын республика көлемінде азаматтармен кері байланысқа түсу мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Жолда қабылдау» акциясының бүгін екінші күні. Екі күндік қорытынды бойынша қабылдауға 600-ге жуық тұрғын келді.
Олар өз мәселелері бойынша полицейлердің көмегіне жүгінді. Аталмыш акцияны облыстың полицейлері қала орталығында орналасқан «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында» өткізді.
Сонымен қатар қала, аудандық полиция басқарма бөлімдерінің қызметкерлері өз аумақтарындағы ХҚКО-ның алдында отырып, қабылдау өткізді.
Азаматтар полицейлерге өздерінің Армениялық көліктерін тіркеуге байланысты және оған қандай құжаттар қажет екендігін толығымен білді. Қабылдауға келгендерге жеке-жеке кеңестер мен қойылған сұрақтарына жауаптар берілді. Бұдан басқа, телефон байланысы арқылы да, әлеуметтік желілердегі онлайн-қарым-қатынас арқылы да жедел желі жұмысы ұйымдастырылды.
Акция аясында басқа да ниет білдірушілер көлік құралдарын тіркеу, Әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібі, жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша қажетті кеңестерді алды.
Осылайша 26 тамыз күні таңертең сағат 09.00-ден бастап 27 тамыз кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасқан акцияға қатысушылар өз кезегінде полицейлерге алғыстарын жеткізді.
Айта кететін жайт, Түркістан облысында тіркеуге сай келетін сол жақ рульді 330 армениялық көлік бар болса, оның тіркелмей қалғаны – алты. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес армениялық көліктердің басқару рулі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып қайта жабдықталып тіркеуден өтуіне болады. Бұл шара ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады.