Түркістанда ең ірі жылыжайдың құрылысы салынады

7 Маусым 2019, 10:48
3087
Бөлісу:
Түркістанда  ең ірі жылыжайдың құрылысы салынады
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Келес ауданы, Бірлік ауылы округінде ең ірі 500 гектарды құрайтын жылыжайдың құрылысы салынбақ. Құны 1 млрд 100 млн доллар тұратын жоба Қазақстандағы ең үлкен жылыжай болмақ. Жоба кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін іске асырылады. Бұл туралы Келес ауданына арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында белгілі болды.

Жылыжайдың құрылысы салынатын жердің учаскесімен танысуға облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев, «ЭКО-культура» компаниясының өкілдері мен тиісті басқарма басшылары келді.

Айта кетейік, облыс халқын жұмыспен қамту және озық технологияларды қолдану мақсатында 480 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 137 жобасы іске қосылған. Осы жобалардың ішінде бір бағыты жылыжай көлемін ары қарай ұлғайту. Жылыжайға бағытталған 24 жобаның ішінде ең ауқымдысы – Келес ауданында іске асырылатын көлемі 500 гектарды құрайтын «Евразия» жылыжай мега-кешені. Жоба іске асқан жағдайда 10 мыңға жуық халықты жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.

«Жобаның дәл осы жерде таңдалуының өзі ерекше. Өйткені, бұл жер Қазақстандағы ең күннің ерте түсетін және жәндіктердің, басқа да тірі организмдердің көктемде ең бірінші жетілетін нүктесі. Күннің тез түсуі жылыжайға жұмсалатын шығынның мөлшерін азайтады. Екіншіден жақын жерде 2025 жылға дейін «Қызыл әскер» постстанциясы іске қосылғалы жатыр. Бұдан бөлек, жақын маңайда газдың да нүктесі бар әрі осы жерден болашақта Сарыағаш – Келес айналма жолы түскелі отыр. Сондықтан транспорттың логистикалық мәселесі де шешіледі. Жылыжайдан жылына 200 мың тонна қызанақ, қияр алынады деп жоспарлап отырмыз. Өнімнің 95 пайызы Ресей мен ТМД елдеріне экспортқа шығарылады. Ал жергілікті халықтың сұранысын өзіміздегі 1, 2 гектар жылыжайлар қамтамасыз етуге жеткілікті», - дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, жылыжай кешенін суландыру мәселесі жерасты дренажды қазу арқылы қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, кешеннен 2 шақырым жерде орналасқан Келес өзенінен құбыр арқылы су жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар дейді ол. Қазіргі таңда жерасты суының қашықтығына талдау жасалуда.

Бұл серіктестіктің бұған дейін де жылыжай саласында үлкен тәжірибелері бар. Алматы, Қарағанды облысында жобалары жүзеге асырылған. Сондықтан да арнайы күннің түсетін және электр энергиясы мен газы бар аймақты таңдап, Түркістан облысымен осындай келісімге келіп отыр. Жылыжайдың салынатын жері шешілген. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары мен бизнес жоспарлары әзірленіп жатыр. Соған сәйкес құрылысы басталады

Аталған кешенді салу бойынша Үкімет басшысының 18 мамыр, 2019 жылы Түркістан қаласына келген сапары аясында меморандумға қол қойылған еді. «Kazakh Іnvest» компаниясының бастамасымен Түркістан облысының басшылығы мен Ресейдің «Эко-культура» компаниясы арасында келісімшарт жасалды.

Жоба қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы іске асырылады. «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Ресейде таза экологиялық өнім өндіруден көшбасшы. Негізінен қызанақ, қияр, салат жапырағын өсірумен айналысады. Холдингтің қуаттылығы қазіргі таңда 207 гектардан аса жылыжайды құрайды.

«Осындай ауқымды жобаны іске асыру идеясын бізге Kazakh Invest ұсынды. Жобаны Қазақстанда жасаймыз, бірақ олар ауқымды емес. Мұның алдын меморандумға қол қойғанбыз. Жарты айдан соң Kazakh Invest-тің қолдауымен көп нәтижелерге қол жеткіздік. Кешенге жылына 7 млн текше метр су мен сағатына 100 текше метр газ, тәулігіне 40 мгвт жарық қажет. Биыл барлық инфрақұрылымдарды тарту мәселесі шешілсе, келесі жылдан бастап 50 гектар жерге көкөніс өсіруді қолға ала бастаймыз. Жобаны жүзеге асыру 6 жыл көлемінде жүреді. Жылыжай толықтай голландиялық озық технологиямен салынады. Жылына 52 мың тонна дайын өнім алу жоспарланып отыр», - деді «Эко-культура» агрокешені холдингінің президенті Александр Рудаков.

«ЭКО-культура» жылыжай кешеніндегі микроклимат, ауылшаруашылық өнімдерін өсіру барысында жылу жүйесі, салқындату, жарық беру, тамшылатып суару, ауада көмірқышқыл газын реттеуді заманауи компьютерлендірілген жүйемен басқарады. Сонымен қатар, инвесторларға мемлекеттен 25 пайыз субсидия беріледі және жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым 50 пайыз жеңілдікпен босатылады.

Өзгелердің жаңалығы